ТАЛДЫҚОРҒАНДА ОБЫРДЫ АНЫҚТАЙТЫН "ИНТЕЛЛЕКТ" БАР

Уақыты: 25.03.2019
Оқылды: 1326
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Үкімет басшысы Асқар МАМИН Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасын көрді. Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ медицина саласындағы жаңалықтармен таныстырды.

Аймақтағы тұрғындардың денсаулығын көтеруге соңғы бірнеше жылда 81,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ауыз толтырып айтар жаңалықтың бірі - Талдықорған қаласынан балаларға арналған неонаталдық-хирургиялық орталықтың ашылуы. Бұған дейін сырқат бүлдіршіндерге күрделі ота жасату үшін басқа шаһарға баруға тура келетін. Үкімет басшысына облыс әкімі Амандық Баталов:

- Орталық ашылғаннан бері ауыр жағдайда туған, жол жүруді көтере алмайтын көптеген баланың денсаулығын сақтап қалдық, - деп ашылған нысанның артықшылығын айтты. Сондай-ақ, медициналық құрал-жабдықпен қамтудың 83 пайызға орындалғаны сөз болды. Асқар Ұзақбайұлына осыдан үш ай бұрын ашылған орталықтың жұмысы таныстырылды. Мұндағы қондырғы онкологиялық және туберкулез кеселдерін бастапқы сатыдан-ақ анықтайды. Яғни, бұрын обыр кеселін бірінші сатысында анықтау мүмкін болмаған. Өсіп кеткен қатерлі ісікті ауыздықтау қиынға түсетін. Қондырғы жасанды интеллект арқылы сырқаттың ағзада бар-жоғын, болса, қай жерде орналасқанын дөңгелек сызықпен көрсетеді. Заманауи қондырғы облыстағы 13 мекеменің 70-тен аса аппаратымен бір жүйеде байланыстырылған. Барлығы бір сырқат жайлы бір мезгілде кеңес жүргізе алады. Дәрігерлер мобильді негізде жұмыс істейді. Мұның бір артықшылығы, флюрографиялық қағаздың қажеті жоқ.

- Орталықта желтоқсан айынан бері 36 мыңнан аса адам тексерілді. Оның 146-сынан сырқат белгісін анықталды. Орталық бір жылда бір миллионнан аса адамды тексере алады. Жасанды интеллект адам ағзасындағы 60 мыңға жуық өзгерісті анықтайды, - деді Бауыржан Ербозымұлы.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы