Ұлымыз оншақты, қызымыз моншақты болса

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2441
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

      Ұлымыз оншақты, қызымыз моншақты болса

  Қазақ  бағзы заманнан басының көбеюін армандаған.  Мұның халқының аздығын пайдаланып,  ел мен жерін жаулап алуды көксеген жан-жағындағы  көршілерден әбден қағажу көргендіктен болар.  Тарих  парақтарын аударып қарасақ, санымыз өсіп келе жатқанда төтеден келген нәубет  қатарымызды сиретіп кетіп отырыпты. Көбею жақтаушыңның, қорғаушыңның   әлді  екенін сезініп, алдағы күндерге сеніммен қадам басу.  Сол арқылы пиғылы бөтендерге  сес көрсету.   Алысқа бармай-ақ, көбеюдің  тиімділігін өз әулетімдегі жағдаймен сабақтастыра отырып, саралап көрейінші.  Отбасы – шағын мемлекет немесе мемлекет қалыптастырудың  үлгісі.

    Мен тоғыз ағайындымын.  Ол үшін анам мен әкеме мың да бір алғыс айтамын. Тағзым етемін.  Бәрімізді аман-есен өсірді.  Мал соңынан қыс – қыстау, жаз – жайлауда жүрсе де бір де біреумізді сырқатқа ұрындырмады.  Тамағымыз тоқ,  киіміміз көк, күтіміміз жақсы болғандықтан да кеселге шалдықпаған шығармыз.  Анам марқұм айтып отырушы еді: «Маған өкпелерің жоқ шығар, ешқайсыңды қатарыңнан  кем қылмадым.  Денсаулықтарыңда кемшілік жоқ. Қол аяқтарың сау, соның арқасында  жүздерің жарық»,– деп.  «Он сегіз мың ғаламда анадан артық тілеуші жоқ»,–  деген сөздің растығына енді көз жеткізіп жатырмыз ғой.  Жанына отыра  қалсаң   адам болып туған соң адамдық қасиетке  лайық болып өмір сүру жайлы уағызын бастап кететін. Оны әкем екеуі  ес білгеннен құлағымызға құйды. Әкем  тәлімдік әңгімені жайшылықта қозғай бермейді. Себебі, біз шамданып шыға келеді деп ойлайтын болуы керек. Тыңдамауға айлаң қалмаған кезде, яғни,  дастарқан басында отырғанда бастайтын.  Нақты мысалдар келтіре отырып, жүйкеңе тимейтін «айла-тәсіл» қолдану арқылы жетеңе жеткізеді. Сондағысы  баланың саны ғана емес, сапасының да өсуіне  мән бергендігі екен. Сан өскен сайын сапа да артатын сияқты. Үйткені  әркім өз бетінше күн көруге машықтанады. Яғни, бір-бір кәсіпті меңгеріп, соның нәсібін көруге талпынады.  Бас-басымызға  баспана әперуге ата-ананың қауқары жете бермесін сезесің.  Тапқан-таянғаныңды ұқсатып, үнемдеуді  үйренесің. Сондай-ақ, үлкені кішкенеге қамқор болуға міндеттеледі.  Бұл бауырмалдыққа тәрбиелейді. Қоңсыңмен де тату болуың керек. Себебі, көктемде жер жыртарда өзіңде жоқ соқаны  көршіңнен сұрауға тура келеді.  Немесе  бақшаңды су алып жатса,  бұлақтың басын жамбас көршің тоқтатпаса,  топан су жан-жағыңды жайпап кетуі мүмкін. Бұрынғы құда-жегжаттармен  сыйластықты үзбеу керек. Жаңа құдамен дәмдес-тұздас болғанда жақсыңды асырып, жаманыңды жасырып, жыртысыңды жыртатын солар.

«Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», «Бір үйде нешеусің – біріңе-бірің қонақсың»  деп отбасындағы береке-бірлікті маздатып  отыратын. Ондағы ойы  өзара тату болсаңдар бақуатты өмір сүресіңдер, бірге жүрсеңдер ешқандай жау алмайды дегені екен.  «Үй ішінде ала болса, кереге басы сайын бәле тұрады»,– деп  тату-тәтті өмір сүруге  үндейтін.  

Қазір сол көп ағайындықтың рахатын біз көріп отырмыз. Ол  кісілер қызығымыздан гөрі шыжығымызды көп көрді-ау.

Тіпті қасығымыздағы жарымызбен ренжіссек те   анамызға барып шағынатынбыз. Ондайда: «Әй балам-ай, өзіңнің тапқан тарланбозың ғой, шыда. Мен қосқам жоқ, өздерің қосылғансыңдар»,– деп қояды.  Ажырас деп айтпайды.  Ал  істің насырға шауып бара жатқанын сезсе: «Баяғыда күйеуі өліп, жесір қалған әйелдер қойшыға қор болатын болдым, жылқышыға жыр болатын болдым»,– деп жылайды екен дейді. Арғы жағын өзің түсініп ал дегендей әдепсіз әңгімені қозғамайды. Сөзге тоқтаған халықтың ұрпағымыз, сабырға келу керектігін сезе қоямыз. Сонымен қатарымыз сейілмей, бала-шағаның тілеуін тілеп, бір отбасы болып қала береміз.  Міне, осындай  тәлім-тәрбиенің арқасында біз көбейдік.  Алла көптік етпесін, тілім тасқа,  қазір мен ештеңеге көп алаңдай қоймаймын.  Басым ауырып, балтырым сыздай қалса  құлақтарына тисе болды сегіз бауырым көмекке сол мезетте жетеді. Қанымыз бір ғой «қолқа-жүрегі» қиналып  жатқанда қалай шыдасын?   Қонақ шақырсам әпке-сіңлілерім бірігіп кетіп, дастарқанды жайнатып жібереді. Менде жоқты өздері толықтырып қояды. Көлігім бұзылса інілерім асай-мүсейлерін көтеріп келіп, демде жөндеп, жүргізіп береді.  Үйде қожайын болмай қалса жездем  малды сойып, бас-сирақты ұйта салады. Әйтеуір осылайша бір-бірімізді алмастырып, тығырықтан еш қиындықсыз шығып кетіп жатамыз.  Яғни,  әскерім көп және мықты жарақтанған. Бірақ соны сақтап қалу, оның іргесін сөгілтпеу, бастағы бақты қадірлеу  де үлкен шаруа.   Біз ағайындылар кейде шекісіп те аламыз, бірақ бір-бірімізден кетпейміз.   Сын сағатта біріге қаламыз. Арамызда елдестірушілер, арашашылар жүреді.  Ал енді алда-жалда құдаша немесе  абысын-ажын күндеп, тілін тигізейін десе бата алмайды. Ойбай, оның аюдай ақырған бес әпкесі бар. Тірідей  түтіп «жеп» қояды, бәледен аулақ  деп ойлайды. Осындайда қазақтың: «Көп қорқытады,  терең батырады» деген мақалы еске түседі. Міне, көбеюдің мәнісі қайда жатыр!  Бұл жерде көп ағайындылығымды мақтанайын деп отырған жоқпын. Ол менің емес, анамның еңбегі, жемісі. Жаратқанның ешкімге қиянаты жоқ  тәубешіл әке-шешемнің тілеуін қабыл еткендігі. «Момынның ісін Алла жөндейді» деген бар. Бұл мысалдар арқылы көбеюдің ұтымды жағын  қарапайым тілмен жеткізгім келді. Береке-бірлік пен татулықтың отбасы және мелекет үшін де маңызын сараптаған болдым.

    Ал сорымызға қарай біз отбасын құрған кезеңде қиыншылық жағадан алды. Тоқырау келді. Өзіміз жаңа үйленгендіктен үйсіз, жұмыссыз қалдық.  Бала өсірмек түгілі, тамақ тауып жеу мұңға айналды. Экономикалық жағдай  отбасымызды әлсіретіп жіберді. Тоқсаныншы жылдардың басында үйленген мен құралыптас құрбыларымның көбі  бала санын екеуден асыра алмады.  Үшеу – некен-саяқ.  Бүгінде сол балалар ержетті. Жалғыз ұл, жалғыз қыз. Шығар-шықпас жанымыз бар. Ағайын жетерлік, бірақ бірге туғандай қайдан болсын. Солардың болашақта арқасүйерінің  аздығынан көретін қиындығын ойласам жанымды аяз шалады. Ендеше, елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың, әлеуметтік жағдайды әлсіретпеуіміздің  көбеюіміз үшін тигізер ықпалы мол.  Сол аумалы-төкпелі жылдардағы еліміздегі демографиялық жағдай  мен  бүгінгі тұрақтылық орнаған тұстағы бала туу көрсеткішін салыстырып көрелікші. Нақты статистикаға жүгінер болсақ, 1988 жылы қа­зақ әйелдерінен туған бала саны 208 мың болса, 1999 жылы 138 мыңға азайған.  Ал  ел-жұрт қайта еңсе көтерген тұста бала туу көрсеткіші қайтадан кәдімгідей өскен.  Мысалы,  2010 жылғы   мәлімет бойынша бір жылда туған бала саны 265 мыңға жетті. Ал 2014 жылы 417 ана  дүниеге сәби әкелгені  үшін жөргекпұл алыпты.  Енді облысымыздың сәби санын арттырудағы көрсеткішін көңіл көзінен өткізіп көрелік. Мысалы,  2012 жылы – 37839,  ал, 2013 жылы – 38911, 2014 жылы – 41400  нәресте  дүниеге келген.

Қазір статистердің санағы бойынша қазақстандықтардың саны 17 миллионға жетті.  Оның 67 пайызы тұрғылықты халық өкілі. Яғни, қаракөздердің саны 11 миллионнан асып жығылды. Бұл – Тәуел­сіздіктің жемісі. Мың тәубе! Ал әлем бойынша шашырап жүрген қазақтардың саны 16 миллионның көлемінде болуы керек.  Егер 32 жылдардағы ашаршылық, 41 жылғы Ұлы Отан соғысы, 50-жылғы тың игеру деп жергілікті халықты жер аударып, басқаларды жерімізге әкеліп үйіп-төккен жағдайлар болмағанда қазір қарамыз 30 миллионға жеткендей екен.  Мысалы, Патша заманында, яғни, 1897 жылғы санақ бойынша қазақтардың өз жеріндегі үлес салмағы 81 пайызды құраған болса,  тың игеру жылдарында 27 пайызға түсіп қалған.

       Осыдан бірнеше жыл бұрын алқалы бір басқосуда ел ағалары 2020 жылға қарай қарамызды  20 миллионға  жеткізсек  деген армандарын айтқан еді.  Бұлай дабыл көтерулерінің жөні де бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы  қазақстандықтардың саны алдағы жылдары өспей қалады деген сәуегейлік танытып отыр. Бұл ойлары арқылы олар  қазақтар ұлан-байтақ даланы игере алмайды-ау деген пікірлерін  байқатып қалды. Сондай-ақ,  осы мәселені әлемдік деңгейде мәселе етіп көтергілері  келетін сияқты. Біз сондай жағдайға жеткізбес үшін көбеюге мән беруіміз керек. Яғни, әр әулеттің  бөріктілері мен көріктілерінің  өсіп-өнуіне жағдай жасауымыз керек.  

    Елде  ұлттық басымдық  орнаған кезде көп мәселе өзінен-өзі шешімін табады. Сырттағы ағайындарымыз тоқтаусыз көшіп келіп және табиғи өсім ұлғаятын болса ұлтымыздың қарасы көбейіп, тілдік орта қалыптасады. Сонда тілдің мәртебесі артады. Демография көптеген мәселенің түйінін тарқатады. Статистика агенттігінің  мәліметіне сүйенсек, Қазақстан халқының саны бес жылда бір миллион адамға өсіп отырады екен. Өсу қарқыны бүгінгідей сақталатын болса, 2028 жылдың соңына қарай 20 миллионға жетеді екенбіз.  Сол күнге жету үшін  Жаратқаннан тыныштық пен тұрақтылық  тілейік. Өзіміз де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еңбек етуіміз керек. Әрқайсымыз жастардың басқа ағымдарға кетіп қалмауына жауапты екенімізді сезінуге тиіспіз.  Бұл орайда көршінің баласына да көз қырымызды сала жүргеніміз абзал.  Дүниеге бала әкелген аналардың жағдайын  жақсартуды назарда ұстаған жөн. Қаражат жағынан қолдау танытса, «әскерінің» көбейгенін қай ата-ана қаламайды дейсіз.  

Гүлжан Тұрсын