"УАЙЫМДАЙМЫЗ": ТАЛҒАРЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ЖЫЛЫНА ОН МЫҢ НАУҚАСТЫ ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 29.12.2019
Оқылды: 892
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Халқымызда «Бас ауырса – жан қорқады» деген тәмсіл бар. Қат-қабат тіршіліктің соңында жүріп денсаулығымызға мән бермей жататынымыз жасырын емес. Салдарынан ауруды өршітіп те аламыз. Ал ондай қиындыққа тап болғанда барар жеріміз біреу – аурухана. Осындайда адам жанына араша болып, науқастың дендеген ауруынан айығып кетуі жолында жан аянбай еңбек етіп жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі ойға оралады.

Талғар аудандық орталық ауруханасында 240 орынды 6 бөлімше жұмыс істейді. Бұлардың ішінде травматология бөлімшесінің жаңа ашылғанын да айта кету керек.

- Жалпы саны екі жүз мыңнан асатын аудан тұрғындарына 2 мыңға жуық медицина маманы қызмет көрсетеді. Олардың 300-і дәрігер болса, 900-і орта буын мейірбикелер. Ал орталық ауруханада жылына 10 мыңнан аса науқас емделеді. Емханада жылына 1,5 млн.адам тексерістен өтеді. Бұларға білікті дәрігерлермен қатар өз ісін жетік білетін мейірбикелер де қалтқысыз қызмет көрсетеді, - дейді орталық аурухананың бас мейірбикесі Айнаш Нұрғалиева.

Өз ісін сүйетін және оған құрметпен қарайтын маман мерейінің қашан да үстем болары белгілі. Мазасын қашырып, кейбір жағдайда жанын қинап та жіберетін ауруынан айығуда жанынан табылып қана қоймай, емдеп, жанашырлық жасайтын мейірбан мейірбикелер ісінің көңіл жадыратары сөзсіз. Солардың қатарында 30 жылға таяу жансақтау бөлімінде қызмет етіп келе жатқан, бүгінде осы бөлімнің аға мейірбикесі атанған Құралай Төлебиеваның есімі ерекше аталады.

– Жансақтау бөліміне жағдайы аса ауыр, хал үстіндегі науқастар түседі. Олардың тағдырына алаңдаймыз, туыстарымен бірге уайымдаймыз. Әрбірінің аяғынан тұрып кетуіне күш саламыз, – деген Құралай Шәкірқызы 34 жылдық еңбек өтілінде қиындыққа мойымай еңбек ете жүріп, отбасын құрып, 2 ұл өсіріп, келін алып, немере сүйіп отырғанына шүкіршілік етеді.

Жансақтау бөлімінде 4 ота жасайтын блок, 2 хирургиялық және травматологиялық блок жұмыс істейді. Осы бөлімде 20 дәрігер мен анестезиолог, мейірбикелер еңбек етеді. Олардың арасында жемісті еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты дәрігер Сергей Дудконың есімін ел ардақтайды. Сондай-ақ, мейірбикелер Әсия Ауазова, Қарашаш Тойлыбаевалардың алар орны айрықша.

Осы орталық аурухананың қабылдау бөлімшесі қызметкерлерінің бір тыным таппасы анық. Науқастың алғашқы табаны тиіп, тіркелетіні осы бөлімше болғандықтан мұндағы жұмыс тым қауырт. Тәулік бойы өз аяғымен келетін, «Жедел жәрдеммен» жеткізілетін сан түрлі науқастарды кешіктірмей қабылдау жауапкершілігі де жоғары.

Бөлімше меңгерушісі Айдос Еркеновтің айтуынша, тәулігіне орта есеппен 140, ал тұмау өршіген мезгілдерде 200-ге дейін науқас тіркеледі екен.

– Емделуші ауруханаға түскен сәттен бастап оны медбике қарап, науқасқа қандай көмек қажеттігін анықтап, әрі қарай дәрігерге жолдайды. Осы мақсатта медициналық мекемеде үш түсті көрсеткіш бар. Тарқатар болсақ, жасыл түс – жоспарлы түрде, яғни, порталмен келетіндер, сары түс – алғашқы көмек көрсетіліп, бақылауға алынады, ал қызыл түс – шұғыл медициналық көмек керектігін білдіреді. Анализдерге талдау жұмыстары жасалады. Бөлімшеде 34 маман еңбек етсе, олардың арасында хирург, терапевт, невропатолог, педиатр және реаниматолог дәрігерлер бар, – деген бөлімше меңгерушісі Айдос Төлеуғалиұлы Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық академиясын тамамдаған білікті маман. Аудандық ауруханада бір жарым жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол жауапкершілігі жоғары, қиындығы көп жұмысты атқаруға бар білім-білігін, қажыр-қайратын жұмылдырып келеді.

Қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы және амандығы. Осыны жүрегімен сезініп, ықылас-пейілімен қызмет көрсететін ақ желеңді абзал жандарға халықтың да айтар алғысы аз болмайды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы