КОРОНАВИРУС: КӨЗ ЖҰМҒАН ӘЙЕЛМЕН БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 28.03.2020
Оқылды: 781
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирустан көз жұмған Ақмола облысының тұрғынымен қарым-қатынаста болған адамдар оқшауланып жатыр. Марқұммен байланыста болғандардың ішінде Алматы облысының тұрғындары да бар.

- Коронавирустан көз жұмған адаммен қарым-қатынаста болған екі адам Алматы облысында оқшауланды. Қазір ауруханада жатыр. Енді осы екі адаммен қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Олар да дәрігерлердің бақылауында. Барлығының анализдері толық алынған. Нәтижесін күтудеміз, дайын болғанда қосымша ақпарат береміз, - деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Бұл жайында Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел де толықтырып өтті.

- Тексеру барысында біз марқұммен байланыста болған 7 адамды анықтадық. Олардың барлығы оқшауландырылып, қан сараптамасы алынды. Төрт анализдің нәтижесі дайын. Тексеру нәтижесі вирус жоқтығын көрсетті. Дегенмен, олар әлі де бақылауда, карантинде жатады. Қалған бес адамның анализдері тексерілуде, нәтижесін қосымша хабарлаймыз, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 26 наурыз күні елімізде әйел адам коронавирус дертінен көз жұмды. Ол Ақмола облысы, Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны еді. Мәлім болғандай, ол шетелге шықпаған және ЖРВИ, коронавирус дертіне шалдыққандармен байланыста болмаған. 13-17 наурыз аралығында Алматыда және Шуда қонақта болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды