ТОКИОДАН СҮЙІНШІ ХАБАР! КІШКЕНТАЙ ДАВИД ҚОРЖЫНҒА АЛТЫН САЛДЫ

Уақыты: 27.08.2021
Оқылды: 1590

Төртжылдықтың басты додасы - Токиодағы Пара­лимпиада ойындары қазақстандықтар үшін жақсы жаңалықпен басталды. Ел намысын қорғаған Давид Дегтярев Токио төрінде топ жарып, қоржынға алғашқы алтын медальді салды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

54 келі салмақ дәрежесінде парапауэрлифтингтен сынға түскен Давид бірінші мүмкіндігінде 170 келі зілтемірді еңсерсе, екінші мүмкіндігінде 172 келіні бағындырып, Туымызды көкте желбіретті.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы пауэрлифтингтен әлем чемпионы. Сонымен қатар, Азия чемпионатының қола және Азия параойындарының күміс жүлдегері.

Қуанышты жаңалыққа орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде лебізін білдірді. Президент Давид Дегтяревті Токиода өтіп жатқан XVI Паралимпиада ойынындағы жеңісімен құттықтап: "Бұл алтын медаль – керемет жетістік және табанды жаттығулар мен мұқалмас ерік-жігердің жемісі. Давидке жаңа табыс, ал Паралимпиададағы Қазақстанның барлық спортшыларына сәттілік тілеймін», - деді.

Айдар ҚАЛИЕВ