Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛАКӨЛДІКТЕР ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ КӨЗ ЖҰМҒАН СПОРТ ШЕБЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 17.11.2021
Оқылды: 1865
Бөлім: АЛАМАН

Алакөл ауданында 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық ашық чемпионат өтті. Дүбірлі дода жастар арасында самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, білікті бапкер, сұңғыла басшы болған Сержан Омаровтың рухына арналды. Байрақты бәсекеге республиканың түпкір-түпкірінен екі жүзден аса дзюдошы келіп, татамиде кім мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатында Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев және үлкен кәсіпкер, Алакөл ауданының тумасы Бауыржан Оспанов сөз сөйлеп, Сержан Бостанұлының жарқын істері мен спорттағы жетістігі жайлы әңгіме қозғап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Сержан Омаров – жігіттің дүрі. Әлемді жаулаған індет осындай асыл азаматты ортамыздан ерте әкетті. Тым жас кетті, бірақ артына өшпес із қалдырды. Сержанның өмір жолына қысқаша тоқталатын болсақ, Алакөл ауданынан шыққан түйе балуан. Сидней Олимпиадасында қола медальді иеленген Айдын Смағұловтай даңқты дзюдошыны баптаған білікті бапкер Бақытбек Мұстафиннің қол астында жаттығып, балуандық өнердің қыр-сырына қанықты. Кейіннен Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдап, атақты Атаевтың да шәкірті атанды. Сержанның спортшы ретінде де бағындырған белестері аз емес. Ол самбо күресінен республикалық жарыстарда оза шапты, көптеген турнирлерде топ жарды. 1993 жылы Кстовода өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола медалін мойнында жарқыратты. Қазақ күресінен ұйымдастырылған бірқатар ірі жарыстардың түйе балуаны атанып, «темір тұлпарды» да тізгіндеді.

«Жерсу» деп аталатын іргелі корпорацияның басшысы Бауыржан Оспанов өзінің туған жері Алакөл ауданының Жыланды ауылында күрес үйірмесін ашып, бапкер болуға Сержанды таңдады. Бұл таңдау да тегін емес, спортшылығы былай тұрсын, Сержанның бойында бапкерлік қасиет алыстан мен- мұндалайтынын анық аңғаруға болады.

Міне, осындай жақсы қасиетін байқаған Бауыржан Кеңесбекұлы ауылдың жастарына Сержанды бапкер етіп сайлады. Бірінші күннен-ақ Сержан өз ісіне білек сыбана кірісті. Адамды жанына үйіріп алатын, әр баланың бойындағы жақсы қасиеттері мен талантын тани білетін қабілеті мол бапкер жұмысына адал болды. Бірте-бірте Омаров баптаған өрендердің алды халықаралық жарыстарда оза шаба бастады.

Ең таңдаулы шәкірті Арай Қалижанова 2005 жылы самбодан жасөспірімдер арасында Грекияда өткен әлем біріншілігінде қола медальді еншіледі. Ақмарал Шыңғысханова  белбеулі күрестен 2006 жылы әйелдер арасында ұйымдастырылған Қазақстанның тұңғыш чемпионатының жеңімпазы. Мөлдір Баяхмет екі рет оқушылар арасында ел чемпионы атанды. Мақпал Тілеубаева, Самат және Санат Көпшікбаевтар  республика біріншілігінің, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Басқа да болашағынан үміт күттіретін жас қырандар Жыландыдан көптеп шықты.

2015 жылы Алакөл ауданының Лепсі ауылында спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат өз есігін айқара ашты. Міне, сол интернаттың тізгінін Сержан Омаровқа сеніп тапсырды. Басшылық қызметте де айы оңынан туып, жас чемпиондарды шығаруға бар күш-жігерін арнады. Ол бір  ғана спорттық саланы қамтымай, интернатқа келген балалардың біліміне де қатты көңіл бөлді. Тәрбиені нығайтып, сабақта озат болуға бар күшін арнады. Тіпті, сол спорт интернатын тамамдаған бірқатар оқушылар спорттық мансабын ерте аяқтап, білім-ғылымға арнағандары бар. Одан бөлек, жас чемпиондарды қанаттандыру, еліміздің мақтанышына айналып, әлемдік додада атой салған жетісулық чемпиондардың атынан жарыс өткізіп, сол мықтыларды Лепсі ауылына шақырды. Спортқа жаңа аяқ басқан өрендер өздері үлгі тұтатын әлем, Олимпиада чемпиондарын көріп, олардан шеберлік сабағын да алды. Осындай қыруар жұмыстарды атқарған Сержан Омаров, спортта да, бапкерлік пен басшылықта да өзіндік қолтаңбасын қалдырған нағыз азамат еді.

Әлемге қазақ атын танытуда талмай еңбек еткен жігіттің дүрі Сержанның жарысы өте тартысқа толы болды. Жалпы жарыстың өтуіне мұрындық болған, басынан-аяғына дейін чемпионатты ұйымдастырған Сержан Омаровтың досы, әріптесі Алакөл ауданы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры  Дәуітхан Қыдырханға бәсекеге келгендер алғысын білдірді.

40 келі салмақта бірінші орынды Алакөл ауданынан А.Төлепберген алса, 44 келіде Талдықорғаннан келген  Д.Ізбасарова чемпион болды. 48 келінің үздігі сарыағаштық Нұрбала Зейнулла атанды. 52 келіде еңбекшіқазақтық А.Мерзабаева чемпион болса, 57 келіде талдықорғандық С.Әділ үздік деп танылды. 63 келінің алтынын Талдықорғаннан келген Н.Кемелханқызы еншілесе, 70 келіде Еңбекшіқазақтың спортшысы С.Өзбек жеңімпаз болды. +70 келіде алакөлдік Н.Оразбек жеңіске жетті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алакөл ауданы

Алматы облысы