ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ САУДАДА ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫ ЖАРЫСТЫРДЫ

Уақыты: 16.08.2022
Оқылды: 1702

Алматы қалалық дін істері басқармасы сауда орталықтары мен базарларда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында кезекті спартакиадасын өткізді. Спорттық шараның мақсаты – қала тұрғындарын жүйелі түрде дене тәрбиесі мен спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Спартакиадаға қатысушылар арқан тарту, гір тасын көтеру, армрестлинг, қошқар көтеру, асық ату, жеңіл атлетика (100 м) және шағын футболдан бақ сынады.

«Қошқар көтеру» сайысында Әсет Исабаев жеңімпаз атанды. 2 минут ішінде ол қошқарды 47 рет көтеріп, сыйға тігілген өз жүлдесін жетегіне байлап алып кетті.

Арқан тартушылар бәсекесінде «Аэровокзал» сауда орталығының жігіттері ұйымшылдық танытты. Финалда олар «Сапар» базарының апайтөс жігіттерінен басым болды.

Гір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. 16 келілік екі тасты қос иығына салып алып, 100 рет әуелеткен Ержан Шаймарданов бас жүлдені жеңіп алды.

Ептілік пен білек күшін қажет ететін армрестлингте Владимир Устиновтың мерейі үстем болды. Финалда ол Рамиль Рифқатовты жеңді.

Ұлттық спортымыз «асық ату» сайысында Бекзат Нұрахмет мергендік танытып, бас жүлдені еншіледі.

100  метр қашықтыққа жарысқан жүйріктер арасында Қуанышбек Жұмаділов мәреге бірінші келді. Ал, әйелдер арасында Ольга Апельганец жеңімпаз атанды.

28 команда қатысқан футбол турнирінің финалында «Сапар» базарының футболшылары мен «Қазалы» командасы кездесіп, тартысты өткен кездесуде «Сапар» жеңіске жетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыс соңында бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әзиз ТАСТАЕВ

Алматы қаласы