«Jaidarman» мен «Zhetysu champions» арасында шоу матч өтті

Уақыты: 10.06.2023
Оқылды: 777

Жетісу облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай Талдықорғандағы Орталық алаңда «Jaidarman» мен «Zhetysu champions» арасында шоу матч өтті. Жастар арасында кеңінен танымал жайдарман жұлдыздарынан жасақталған жігіттермен Жетісуға есім-сойымы белгілі жандардың арасындағы кездесу тартысты болды.

Жолдастық кездесуге арнайы келген «Jaidarman» командасын Қазақстан КВН Одағының Президенті Есен Елеукен бастап шықты. Оның құрамында елімізге белгілі телевизиялық, интернет жобалардағы жігіттер бар. Бәрі дәл осы матч үшін еліміздің әр түкпірінен жиналған. Ал «Zhetysu champions» командасын облыс әкімінің орынбасарлары Ернат Бәзіл мен Рустам Әли бастады.

Кездесу алдында Есен Елеукен Жетісу жұртшылығын құттықтап, әлі талай жобаны жер жаннатында өткізетінін жеткізді. Оның бірі күзде жоспарланған. Құпия сақтауды жөн көрген азамат халыққа жақсы сый ұсынбақ. Өз кезегінде облыс басшысының орынбасарлары құрмет көрсетіп, арнайы сый-сияпат табыстады. Бір-біріне бағытталған жылы лебіз-тілектердің жалғасы тамаша ойынмен өрбіді.

Екі мықты команда түйіскен ойынның нәтижесі – 5:5. Қонақтардан Есен Елеукен, «Байдың балаларындағы» Нұрым Досболов гол салса, «Абай даңғылы 8» командасында ойнаған ардагер жайдарманшы Ердос Оралбеков хет-трик жасады. Чемпиондар сапынан жауап қатқандар – Ұлан Рысқұл, Елдар Исаев, Әділет Талғатов және Мерей Сүйінов дубль салды. Матч жеңімпазы ойын соңындағы пенальти бойынша анықталды. Ол тұста жайдарманшылар 10:9 есебімен басым түсті. Жианлғандар үшін нағыз шоу матч болды.

Серік Қантай