Германиядағы турнирде қазақстандық екі балуан алтын медальға таласады

Уақыты: 14.08.2023
Оқылды: 958

Германияның Дортмунд қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен Grand Prix of Germany халықаралық турнирінде қазақстандық екі балуан екі салмақта алтын медальға таласады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпарат дерегіне сүйеніп.

12 тамызда Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен Grand Prix of Germany халықаралық турнирі басталды. Биыл 38-мәрте өтіп жатқан додаға 23 мемлекеттен балуандар барған

Жарыс талабына сай алдын-ала белдесулер өтіп, финалға жолдама алған балуандар анықталды.

Қазақстан құрамасынан Марлан Мұқашев (55 келі) енді финалда украиналық Никита Дементьевпен бас жүлдені сарапқа салады.

Ал Айдос Сұлтанғалидің (60 келі) финалдағы қарсыласы - АҚШ балуаны Эльдар Хафизов.

Сондай-ақ, жұбаныш белдесуінде Ибрагим Магомадов (72 келі) қола жүлдеге таласса, Демеу Жадраев (77 келі) пен Ерұлан Ысқақов (97 келі) француз балуандарымен кездеседі. Тағы бір балуанымыз Әлімхан Сыздықов (130 келі) литвалық Ромас Фридрикаспен жұбаныш белдесуінде бағын сынайды.

 Сурет: Қазақстан күрес түрлері федерациясы