Жаңаталап ауылында спорт кешені ашылды

Уақыты: 16.10.2023
Оқылды: 704

Жаңаталап ауылында заманауи спорт кешені ел игілігіне берілді.  Ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлаған спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков қатысты.

Спорт кешенін осы ауылдың тумасы Мырзабай Туғанбайұлы өз қаржысына салды. Ішінде күрес, фитнес залдарымен қатар, жуынатын, киінетін, демалатын бөлмелер де талапқа сай жабдықталған.

Салтанаты жиында аудан әкімі Ұлан Досымбеков пен аудандық  Ардагерлер ұйымының төрағасы Рахымғали Өтегенов құттықтау сөздерін айтып, спорт кешенінің қызыл лентасын қиды. Шара жиналған ақсақалдар бата беріп, жұртшылық ақжарма тілегін ақтарды. Ашылу рәсімінен кейін ас берілді. Шара соңы аламан бәйгеге ұласты. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын халықтың ұрпағы емес пе едік?! Жүйріктер жарысына жиналған көрермендердің қарасы көп. Доданың алғашқы дүбірі тай жарысқа үкілеп қосқан тұлпарлардың шабысынан басталды.

Тай бәйгеде 1-орынды Ұлытау облысынан келген Бауыржанның «Қарлығаш» атты тайы оза шауып келіп, бас жүлдеге тігілген бұқаны жеңіп алды. 2-орынға Көксу ауданындағы Тілек есімді азаматтың «Таңжарығы» тұрақтап, қошқар еншіледі. Мәре сызығын 3-ші болып кескен Ескелді ауданынан Ерсіннің «Ай- тұмары» екі жасар тоқтыны ұтып алды. Аламан бәйгеде 10 жүйрікке жүлде берілді. Бұл додада 1-орынды Елтай ауылынан келген Қыдырәлінің «Патроны» жеңіп алып, ат иесі жылқы мініп қайтты. Тай бәйге, аламан бәйгеден кейін, 500 мың теңгелік салым жарысы өтті.

Беташар салымға тігілген қошқарды Алакөлден келген жігіттер алып кетті. «Өгіз өлді» салымды Көксу ауданының көкпаршылары ешкімге дес бермей, қанжығасына байлады. Ал қалған салымдарға додаға түскен көкпаршылар қол жеткізді.

"Жетісу-Ақпарат"