Бейбіт Исабаев велошабандоз Евгений Федоровты қабылдады

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 585

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгін қазақстандық велошабандоз, тас жолдағы велоспорттан ХІХ Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионы, екі мәрте Азия чемпионы талдықорғандық Евгений Федоровпен кездесті, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы спортшыны жақында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Азия ойындарында ересектер арасында тас жолдағы велоспорт жарысында қол жеткізген жеңісімен құттықтады. Еске салсақ, велошабандоз 207,7 км қашықтықта топтық жарыста топ жарып, алтын медаль жеңіп алған болатын.

Бейбіт Исабаев спортшының отандық спортты дамытуға қосқан үлесін, оның халықаралық ареналардағы жетістіктері мен жетістіктерін атап өтіп, оған Құрмет грамотасы мен 1 млн. теңгенің сертификатын және естелік сыйлық, ал жаттықтырушысы Виктор Юрайтиске Құрмет грамотасы мен жаңа теледидар табыс етті.

- Біз бәріміз ұлттық құрамамызға жанкүйер болып, қолдадық, соның ішінде жерлестеріміздің, жетісулықтардың жарыс жолына мұқият қарап отырдық. Соңғы бірнеше жыл ішінде сіз түрлі деңгейдегі жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп келесіз. Мұның бәрі - қажырлы еңбектің нәтижесі, жаттықтырушыңыз екеуіңіздің ерік-жігеріңіздің айқын айғағы. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Алда Олимпиада ойындары тұр, оған да қарқынды дайындалу керек. Жаңа жетістіктерге жетуіңізге  тілектеспіз, - деді облыс әкімі. Ол өз сөзінде өңірдегі спортты дамыту жұмыстарына тоқталып, жүзеге асырылып жатқан жобаларды атап өтті. Мәселен, облыстың аудан орталықтарында бұқаралық спортты дамыту үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, стадиондар, блоктық-модульдік спорт кешендері салынуда, сондай-ақ меценаттардың қолдауымен волейбол және теннис орталықтары тұрғызылуда. Олимпиадалық үлгідегі жүзу бассейнінің жаттықтырушылар құрамына да қажетті қолдау көрсетіліп, онда түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді.

Он жылдан астам уақыт бойы велошабандозды дүбірлі додаларға дайындап келе жатқан жаттықтырушы Виктор Антонович те өз ризашылығын білдірді. «Базамыз бар, құрал-жабдықтар жеткілікті, соған сәйкес нәтиже де жақсы. Қазір жас велошабандоздар Евгенийге қарап бой түзейді. Өңірдегі спортшыларға, жалпы спортқа тұрақты түрде қолдау көрсетіліп отырғаны үшін алғысымды айтамын", - деді В.Юрайтис.

Кездесуге қатысқан Жетісу Велоспорт федерациясының президенті Серік Тұрдалиев өз сөзінде облыста велоспорт бойынша өңірлік команда құру туралы  ұсынысын жеткізді. Сонда болашағы бар спортшыларға 18 жастан кейін мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік болады дейді ол. Бұл ұсынысты облыс басшысы қолдап, мәселенің егжей-тегжейлі зерделенетінін айтты.

Сонымен бірге велоспорттың тас жолдағы жарыстан басқа трек жарысы, тау велосипеді және BMX сияқты түрлерін дамытуға да бұл аймақта мүмкіндік бар екені атап өтілді.

Журналистерге берген сұхбатында Евгений Федоров 10 қарашадан кейін келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындыққа кірісетінін айтты.

- Командамен бірге қатысқан Азия ойындарының алдында Алексей Луценкомен бірге соңғы 2 айда белсенді түрде жаттықтық, бірақ бұл жеткілікті деуге ерте. Жылдар бойы тәжірибе жинақтау қажет. Мен өзім велоспортпен 10 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Енді алдағы Олимпиада ойындарына дайындаламыз. Мен еліміздің «Астана» кәсіби велокомандасының құрамындамын. Алдағы уақытта Еуропада бірқатар жарыстар бар. Шаршамай-талмай табандылықпен жаттығуды жалғастырамын. Жеңістерімнің барлығын елімізге, берекелі халқымызға арнаймын, - деп чемпион жерлестерін алдағы Республика күнімен құттықтады.

Евгений Федоров – Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі. 2018 жылдың қазан айында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындарында топ жарып, чемпион атанды. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионы атағын жеңіп алды. 2019 және 2023 жылдары Азия чемпионаттарында бірінші орындарды иеленді. 2023 жылы тас жолдағы велоспорттан топтық жарыста Әлем чемпионы атанды. Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Жазғы Азия ойындарында 1 орын алды. 2021 жылдан бастап - Astana Qazaqstan Team команданың кәсіби велошабандозыЖаттықтырушылары: Виктор Юрайтис, Самат Сапажанов.

Атап өтсек, А.Кивилев атындағы велоспорттан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің Ескелді, Көксу, Сарқан, Панфилов, Текелі, Талдықорған қалаларында 11 бөлімшесі бар. Сондай-ақ жоғары спорт шеберлігі мектебінде және спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында бөлімдер бар. Жетісу облыста велоспортта 28 жаттықтырушы жұмыс істейді. Велоспортпен шұғылданатын саны 500 астам, оның ішінде 283 оқушы ауылдық жерлерде тұрады.

 Фото: Жеңіс Ысқабай