БОКС: АЗИЯНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ

Уақыты: 12.11.2023
Оқылды: 619

Кейінгі жылдары бокстағы жеңісті жолымыздан жаңыла бастағандай едік, жасөспірімдеріміз Астанада өткен Азия чемпионатында шетінен жеңіске жетіп, үміт отын қайта жандырды. Ел болашағына баланған балғындарды әр өңірде ерекше құрметпен қарсы алып, сый-сияпат көрсетіп жатыр.

Бұл қатарда Жетісудан барған қыздарымызды жеке қабылдап, қолдау білдірген облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл да бар.

Жетісудан Азия чемпионатына барған төрт қызымыз түгелдей жүлдемен оралды. Солардың ішіндегі Аяжан Сыдық жалпы чемпионаттағы «ең үздік боксшы» ретінде танылды. 54 келіде қарсылас шақ келтірмеген ол жартылай финалда үнді Димплені, финалда өзбекстандық Зухро Рустамованы 5:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Күміспен келген қос қызымыз Аружан Зейноллаева (75 келі) мен Сила Бибосынқызы (48 келі) финалда кеткен есені келешекте қайтаратындығын, осы жолда тынбай еңбектенетінін айтты. Ал 80 келіде жұдырықтасқан Құралай Егінбайқызы қола медаль еншіледі.

Басқарма басшысы Ұлан Ғалымұлы қыздарға сәттілік тілеп, жаттығу жасау үшін барлық жағдай қарастырылғанын, алдағы уақытқа біраз жоспар бар екенін айтты.

Серік Қантай