Бапкер құрметіне еркін күрестен ашық турнир өтті

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 609

Талдықорғандағы «Өркен» спорт кешенінде КСРО спорт шебері, ҚР құрметті спорт қайраткері Наурызбай Күреңовтың 70 жасқа толуына орай 2008-2010 жылы дүниеге келгендер арасында еркін күрестен ашық турнир өтті. Жарысқа Алматы облысы, Алматы қаласы мен Жетісу облысының әр ауданынан жалпы 150-ге жуық спортшы қатысты. Олар бес салмақ бойынша (35, 41, 48, 57, 71 келі) кілемде мықтыны анықтады. 

 Кеңес дәуірінде есімі елге белгілі балуан, одан еліміз егемендік алғанда бапкер ретінде аты мәшһүр болған азаматты жерлестері құрметтеп, Жетісуда үлкен дода ұйымдастырды. Атланта Олимпиадасының жүлдегері Мәулен Мамыров та ақсақалдың жетістігін жіктеп айтып, інілеріне үлгі, ағаларына сыйлы болғандығын жеткізді. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алғандар жұрт ықыласына бөленіп, атын қалыптастырған азаматтар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Саят Сарқытов турнирдің ауқымы кең,  жас балуандар үшін күш бағамдайтын сәт екенін айтып, мерейтой иесіне шапан жапты. Елдің құрметі, жұрттың қошеметі Наурызбай ақсақалды толқытты. Артынша жас балалар кілем үстінде күрестің айрықша үлгісін көрсетті. Болашаққа бастар қадам. Нәтиже төмендегідей түзілді. 

35 келі. 
І-орын – Асылхан Шәріпхан; ІІ – Диас Тұрсын;  ІІІ – Нұрзат Абақан, Әли Серік. 
41 келі.
І – Әли Болатұлы; ІІ – Дарын Жаңбырбай; ІІІ – Диас Жанәбіл, Нұрдәлет Серік. 
48 келі. 
І – Мирас Жисабек; ІІ – Қадыржан Қалиұлы; ІІІ – Ерғазы Әбілғазы, Елдар Болат. 
57 келі. 
І – Азамат Әбілмәжін; ІІ – Әлімжан Біржанұлы; ІІІ – Бекарыс Жұмахан, Құрбанғали Нұрғожа.
71 келі. 
І – Ернар Әбілқас; ІІ – Таңат Құрманәлі; ІІІ – Мейіржан Дәулетбек, Қанат Жанатхан.    

Қали АСҚАР