АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1119

Қырғызстанда күрестің үш түрінен грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионаты басталды. Байрақты бәсекені грек-рим шеберлері бастады. Алғашқы күні үш балуанымыз ұтылғанымен, қалған спортшылар бақ пен бап сыналар шақта аянып қалмады. 

Атап айтсақ, татами төрінде қарсыластарын қоғадай жапырған апайтөс балуандарымыз Алмат Кебіспаев (67 келі) пен  Асхат Ділмұханбетов (82 келі) алтыннан алқа тақты.  Алмат ақтық сында жапон спортшысымен кездесті. Құлжаның сақасындай кесек бітімді балуанымыз бірден басымдылық танытып, қарсыласын бозкілемде арылы-берілі аунатып бес ұпай алса, жапон ұланы тек бір ғана ұпаймен шектелді. Ал, Асхат Ділмұхамбетов қырғыз балуанымен белдесті. Алғашқы ұпайды қырғыз спортшысы алғанымен отандасымыз намысты қолдан бермеді. Әбжіл әдіс-тәсілдерінің арқасында қарсыласын қапы қалдырып ел абыройын асқақтатты. Қорытынды есеп 5:2. Дүбірлі доданың ақтық сынына Демеу Жадыраев та (72 келі) шыққан еді. Оның жолы жергілікті балуан Ақжол Махмұтовпен түйісті. Демеу кездесуді бастай салысымен-ақ әдемі айла-тәсілдер жасап, төрт ұпай алды. Бірақ қарсылас та оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін көрсетіп, соңғы сәтте жеңісті жұлып алды.  Сөйтіп, Демеу Жадыраев күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақтың қайсар жігіттері мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қорлан Жақанша (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (63 келі), Мақсат Ережепов (77 келі), Ерұлан Ысқақов (97 келі салмақта)  қола жүлдені қанжығасына байлады. 
Әйелдер құрамы да бозкілемде барын салып өнер көрсетті. Бұл сында ел намысын арқалаған Эльмира Сыздықова мен Ирина Казюлина қола жүлдені еншіледі. 
Сонымен, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатынан тоғыз жүлде алды. Екі алтын, бір күміс, алты қола медаль. Спортшыларымыз алдағы күндері де олжа саларынан үміттіміз. Жарыс жолына шығатын саңлақтарымызға сәттілік серік болғай!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ