Рионың төрінде өтіп жатқан Олимпиада ойындары аяқталуға жақын. Кіл мықтылар суырылып алға шықты. Сарапқа түскен жүлдеге қол созатын спортшылар көп. Солардың арасында ел үмітін арқалап аттанған Данияр Елеусінов те болды.
Бокс құрамасының капитаны талантты ұл Даниярдан жүлде күткеніміз анық. Әу бастан-ақ басты үміткерлердің санатында болған. Сол сенімді селге жібермеген Данияр қарсыластарын атойлап жүріп ұтты. Жігіттердің намысы құлап жатқанда жасымай, қайсарлық танытып, әріптестерінің есесін қайтарды. Жартылай финалдағы боксы да ел сүйсінерліктей еді. Әлемнің жұлдызы, кәсіпқой бокста атын алтын әріппен жазған Флойд Мейвейзердің өзінің Даниярдың шайқасына бас шайқап, арнайы келіп көргені біздің ұлға берілген үлкен баға. Шаршы алаңда найзағайдай жарқылдап, француздық спортшыны бет қаратпай ұтқаны көпке үлгі болса, алдағы қарсыластарына көрсеткен сесі еді. Шамасының жетпейтінін білген француздық спортшы құйтырқы әрекетке барып, отандасымыздың маңдайын баспен соғып, жаралап тынды. Маңдайы жарылса да қаймықпай айқасты. Ақыры қарсыластың арам пиғылы іске аспай өзі қуылды. Сонымен алтынға бір адым қалды. Алда жұдырығын түйіп өзбек боксшысы күтіп тұрды. Барлығымыз да іш тартып, Даниярдың жағдайы қалай болады деп алаңдадық. Санамыз сан саққа жүгіріп, биылғы Олимпиададан боксшыларымыз алтынсыз қайта ма деген ой мазалады. 69 келіде кілең алтын жалғасып келе жатқан үрдіс осымен үзіле ме деп іштей тындық. Қазақтың салмағы саналатын 69 келі төрт Олимпиадада да алтынмен елге оралып еді. Енді күміспен қайтатын болды деген алаң басым. Бірақ батырдың ұрпағы, ержүрек елдің ұланы емес пе, маңдайы жарқыраған ұлдың кішкентай жарақаты кедергі келтірмеді. Найзаның өзін тікен кірген құрлы көрмейтін баһадүрдей атойлап шайқас алаңына бет алды. Бұрынғысынан да қатты қайраттанған. Көзінде от, тас шайнап, құм түкіргендей қарсы келгеннің жігерін құм етпек. Мырзағали Айтжановтың да түсі суық. «Қарсы келгеннің қабырғасын сөгеді менің батырым» дегендей алшаң басып шаршы алаңға жетті. Бір орында тұра алмай, бастаңдар айқасты деген кейіп танытады. Тақым қысып, иә, Жаратқан, ұлыңды қолдай гөр деп біз отырдық. Алашапанды ағайынның батыры да оңай шағылатын жаңғақ емес. Жас дегенің болмаса нағыз талант иесі. Үлкен дуға алғаш түсуім деп тұрған өзбек жоқ. Келсең кел, мен дайын деп жұдырығын көтерді. Басталды, қос мықты бір-бірін төпелеп әкетті. Данияр маңдайын алып қашып, жұдырығын жұмсады. Шықшыттан әдемі тиді. Қарсыласы ызаланып, қайта шабуыл жасады. Көздегені бір-ақ жер. Маңдайдан бір соқсам алтын менікі деп ойлап жүргені анадайдан белгілі. Бапкерлері де мықтап тапсырманы берген екен. «Маңдайды көзде, маңдай» деген дауыстар да естілді. Біздің қыран берілсін бе, қайта шүйлігіп, азуын батырды. Осылайша Данияр үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан бұрышқа тұқыртып жүріп соқты. Ақыры қолда тұрған жеңісті ешкімге ұстатпай алтынға қол созды. Алдындағы ағалары жалғастырып келген 69 келідегі алтын дәстүрді Данияр үзіп алмай келесі Олимпиадаға дейін жалғады. Ұлтын ойлаған алтын ұлдың Ұлы Далаға сыйлаған алтын жүлдесі осылайша қолға тиді.