АРДАГЕР ТУРНИР ӨТКІЗДІ

Уақыты: 08.02.2019
Оқылды: 1172

Биыл – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. Осыған орай Кербұлақ ауданында жастарға патриоттық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Асхат Қасеновтің атынан облыстық турнир өтті.

Шараға Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев қолдау танытты. Кербұлақ аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған турнирге  жан-жақтан спортсүйер қауым жиналды.

Асхат Ауғанұлы – 1982 жылы Отан алдындағы борышын Ауған жерінде өтеген азамат. Бұл соғыста талай боздақтың өмірі қиылып, талай азамат туған еліне оралмады. Он жылдық қайғылы тарихы бар Ауған соғысы Асхат Ауғанұлына да үлкен сыз қалдырды. Өліп-тірілген өр мінез батыр сол соғыстан еліне жаралы қайтты. Асхат Ауған жерінен еліне қайтар сәтте ұшаққа сыймай қалып, келесі рейспен келген екен. Алдыңғы ұшақ көз алдарында отқа оранып, Қасеновтің құжаттары сонда қалып қойған. Кейін егемен елдің азаматы өлгендер тізімінде жүргенін естіп, тірілер қатарына қосылу үшін қайта құжат жинаған.

Асхат Қасенов 4 орден, 12 медальмен наградталған. 2005 жылы 2 мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері атанды. 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды. 2013 жылы оған «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2010 жылдан бастап мемлекеттік орман күзетінде қызмет атқаруда.

Дәл осындай алғашқы турнир 2005 жылы Көксу ауылдық округінде өткізіліпті. «Ел барда ер қор болмас, ер барда ел қор болмас» демекші, волейбол турниріне 13 команда қатысты. 1-орынды «Кәсіподақ», 2-орынды «Шоқан», 3-орынды «Жайнақ» командалары ұтты. Төртінші орынды «Қапшағай» командасы місе тұтты.

Турнирдің 2 ақпан күні өтуінде де мән жатыр. Себебі, Асхат 37 жыл бұрын Ауған жерінде оң аяғынан дәл осы 2 ақпанда айырылған еді. Жас кезінде волейболды жаны сүйген азамат ойын алаңынан шектеліп қалғанымен, жарыс жыл сайын қомақты ақшалай сыйлықпен жалғасын тауып келеді. Жарыста үздік ойыншылар марапатталып, сыйлықтар табысталды. Тартысты өткен жарыс соғыс ешқашан болмасын деген ізгі тілекпен аяқталды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кербұлақ ауданы