СЕКСЕНІНДЕ ДЕ СЕРГЕК

Уақыты: 19.02.2019
Оқылды: 1214

Қазақ боксының тарихын сөз еткенде Шоқыр Бөлтекұлының есімі бірінші аталады. Барлығы ол кісіні «Қазақ боксының атасы» дейді. Міне, сол даңқты спортшы негізін салған Қазақстанның бокс мектебі бүгінгі таңда да өз абырой биігінде. Оған байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жерлестеріміздің жеңістері дәлел.

Ал енді Шоқыр атамыздың ізбасарлары  дегенде атақты боксшы  Әбдісалан Нұрмахановтың есімі аталады. Ары қарай бұл тізім Серік Әбденәлиев, Мақсұт Омаров, Асқар Құлыбаев сынды дарабоздармен  жалғасып кете береді. Сол шоғырдың ішінде Станислав Тынысбеков те бар.
Ол – облысымыздан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері. Ауыл балаларын боксқа баулып, чемпиондар тәрбиелеген білікті бапкер. Саналы ғұмырын қазақ боксының кемелденуіне арнаған айтулы тұлға. Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарынан шыққан боксшылар ол кісіні ерекше құрметтейді. Шәкірттерінің «Стас ағайдың шекпенінен шықтық» дейтіндері сондықтан.
Қарт бапкер бүгінде Есік қаласында тұрады. Шағын шаһардағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі Станислав ағаның екінші үйіндей болып кеткен. Бұл мекемеде басшылық қызметте жүргеніне жарты ғасырға жуықтапты. Бапкерді іздеген кез келген адам осы жерден табады. Біз де сол жерден таптық.
Амандық-саулық сұрасып, таныс-білістен кейін ол кісі маған қарап:
– Е-е, шырағым, бізді жазып қайтесің? Одан да жастарды сөйлетсеңші, – деді жылы жымиып.
– Сіз де жас болдыңыз, аға. Жалындаған сол бір шағыңызда облыстан шыққан тұңғыш спорт шебері атандыңыз. Ал ол кезде мұндай атаққа қол жеткізудің оңай болмағаны рас. Бапкер ретінде де талай жастың бабын келістіріп, бағын аштыңыз. Сондықтан бүгінгі өскелең ұрпақ сіз сияқты тұңғыштардың әңгімесінен ғибрат алады деп ойлаймын, – дедім бапкердің өмірбаянынан хабардар екенімді білдіріп.
– Дұрыс айтасың, бүкіл Одақ бойынша спорт шебері атану ол заманда шынымен-ақ қиынның қиыны еді. Әсіресе, қазақ жігіттері үшін, – деді де біраз үнсіз қалды. Бұл үнсіздік бапкердің көз алдына қайта оралмас жастық шақтың суреттерін елестеткендей. Біраздан соң ағамыз әңгімесін ары қарай жалғады.
 – Туған жерім – Владивосток қаласы. Әкем Балтабек капитан шеніндегі әскери адам болған. Ал әскери қызметкердің өмірі белгілі ғой. Олар бұйрыққа ғана бағынады. Қайда жібереді, сонда барады. Ресейде дүниеге келгенім енді түсінікті шығар. Негізі ата-анам – Ақсу өңірінің перзенттері.
Одан кейін Украинаға қоныс аударыппыз. Бірақ көп ұзамай Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Біз тұрған Житомир қаласы бомбаның астында қалды. Аспан айналып жерге түскен сол сәттерде әкем дереу отбасын елге қайтарып, өзі майдан шебінде қалды. 
Біз үш ай бойы жол жүріп, Талғар қаласына табан тіредік. Жол бойындағы қиямет күндер өз алдына бір әңгіме. Ол кезде мен небары үш-ақ жаста екенмін. Сол бір қиын-қыстау кезеңдер туралы кейін анам Макинұрдан естіп білдім, – деп ауыр күрсінді.
Үш қыз, бір ұлын арқалап елге әрең жеткен Макинұрды Балтабектің әріптестері барынша қамқорлығына алады. Сөйтіп бір үміт, бір күдікпен күндер өтіп жатады. 
Майдан даласынан бірінің артынан бірі келіп жатқан суық хабар олардың да отбасын  айналып өтпеді. Еңсесі түсіп жүрген Макинұрды «Қара қағаз» одан сайын қажытып жіберді. 1943 жылы әкесі Балтабек Украина жерінде мәңгілікке көз жұмды. Қарғыс атқыр соғыстың кесірінен Стас ағаға әке мейірімін көру бұйырмаған екен.
Неміс фашистерінен әкесінің кегін қайтару үшін Станиславтың үлкен әпкесі Бибінұр өз еркімен майданға аттанады. Авиатехник және радист мамандығын меңгерген ол әуе күштерінде жүріп Отанын қорғады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалы жеткен ғана өледі» дегендей, Бибінұрдың маңдайына бейбіт күнді көру жазыпты. 
Көп ұзамай алапат соғыс та аяқталады. Жеңіс туын желбіретіп әпкесі Бибінұр аман-есен елге оралады. Қайғы-қасіреттен қажыған отбасы еңсесін тіктей бастайды. Келешекке деген үміттері оянады. Сөйтіп ауыр күндер бірте-бірте артта қала берді.
Қазақ баласына неге өзге ұлттың есімін қойды екен деген сұрақ оқырман қауымды қызықтыруы әбден мүмкін. Оның да өзіндік сыры бар екен. Ол туралы қарт бапкер былай деп еске алады:
– Фин соғысына қатысқан кезде әкемнің Станислав деген майдандас досы болыпты. Кескілескен шайқаста әлгі қаруласы әкеме қарай атылған жау оғын кеудесімен тосып қаза табады. Осылайша поляк азаматы өз өмірін қиып, досын аман алып қалыпты. Сол сарбаздың рухына тағзым ретінде атымды Станислав деп қойған екен. Әкем үшін жанын пида еткен қайсар азаматтың есімін арқалау мен үшін үлкен құрмет, – дейді Стас аға.
Станислав Балтабекұлы бала кезінен спортқа ден қояды. Әсіресе боксқа деген ынтызарлығы ерекше еді. 1953 жылы Алматыда өткен бокс кеші оның арманына қанат қақтырғаны әлі есінде.
– Бір күні әпкелерім «Динамо» стадионында өтетін бокс жарысына билет сатып алып келді. «Сені де өзімізбен бірге ертіп апарамыз» дегенде қуанышым қойныма сыймады. Өйткені бокс десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Сол кеште Алматы мен Мәскеу құрамасы кездесті. Ондағы боксшылардың шаршы алаңда атой салғаны мені тәнті етті. Содан бастап осы спортқа аңсарым біржолата ауды. 
Ертесінде-ақ бокс үйірмесіне бардым. Ондағы Ескендір Хасанов есімді бапкер мені өзімнен жасы үлкен баламен күш сынастырды. Екеуміз әбден жұдырықтастық. Қара терге малшынсақ та тізе бүккіміз келмейді. Соққылар кезек алмасқан нағыз төбелес болды. Бапкердің ысқырығы естілгенде ғана есімізді әрең жидық. Сол күннен бастап Ескендір ағаның шәкірті атандым. Міне, бокстағы қадамым осылай басталды. 
Кей кездері жаттығудан кеш шығып қалатынымыз бар. Түнгі уақытта қалада автобустар тоқтап қалады. Сондай сәттерде талай рет Алматыдан Талғарға қарай жаяу жортып кете беруші едік. Қазір сол күндерді еске алсаң таңғаласың, – дейді ағамыз өткен шақтарға саяхат жасап.
1955 жылы боксқа жаңадан қатысқан жастар арасында ел чемпионаты өтті. Алматыда өткен осынау жарыста Станиславтың жұлдызы жанып, чемпион атанады. Бұл оның алғашқы жеңісі еді. 1958 жылы Рига қаласында өткен Бүкілодақтық жарыста ол тағы да биік тұғырдан көрінеді. Шеберлігіне тәнті болған бапкерлер оны Қазақстан құрамасы сапына қосады. Сөйтіп 1959-1964 жылдар аралығында Станислав аға ел намысын қорғап, жеңімпаздардың қатарын толықтырды.
1960 жылы Алматыдағы денешынықтыру институтына оқуға түседі. Студенттер арасында өткен республикалық жарыста қарсыластарын шақ келтірмейді. Сол жылы Алматы облысынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері атанды.
– Әрине, ондай атаққа қол жеткізу оңай болмады. Ол үшін екі жылдың ішінде 27 рет шаршы алаңға шығып жеңімпаз атануың керек. Ал мен бұл көрсеткішті небәрі жеті айдың ішінде орындап шықтым. Соның өзінде жоғары жақтағылар өзге ұлт өкіліне спорт шебері атағын бірден бере қоймайтын. Созбалақтатып жүріп алатын. Ақыры оған да қол жеткіздік қой, – деп күледі Стас аға.
Иә, бапкер дұрыс айтады. Бүкіл Одақ бойынша чемпион атану бүгінгі таңдағы Олимпиада жеңімпазы болумен пара-пар еді. Станислав Балтабекұлы шаршы алаңда жүздеген кездесу өткізіп, оның басым бөлігін жеңіспен аяқтаған нағыз майталман боксшы болды. 
Кейін бапкерлік қызметте те абыройға бөленді. Ілияс Бақтыбаев, Өміржан Құрманбаев, Есет Нұғыспанов, Тілеулес Күзембаев, Тұрарбек Омаров, Нұрбек Ешенғалиев, Марат Балтиев, ағайынды Мұхит пен Алмас Досжановтар және тағы басқалар Станислав Балтабекұлының талантты шәкірттері. Осылайша бапкер Талғардағы бокс мектебінің негізін қалады.
Стас ағаның бүгінгі ізбасарлары да әлем көгінде Көк байрағымызды желбіретіп жүр. Солардың бірі – Мардан Берікбаев. Ол бокстан ел чемпионы. «Астана Арландары» құрамасы сапында өнер көрсетті, бүгінде кәсіпқой бокста тамаша нәтиже көрсетіп жүр. 
Бапкердің еңбегі еленді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды. «Құрмет» орденінің иегері, облыстың  Құрметті азаматы деген мәртебеге ие болды. Зайыбы Нұрхан Бектасова да ағарту саласында жемісті еңбек етті. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелер сүйген бақытты ата мен әжеге айналды.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап бокстан Станислав Тынысбекұлы атындағы халықаралық турнир өткізіліп келеді. Мұндай жарыстарды ұйымдастыруға спорт мектебінің мүмкіндігі мол. Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи спорт құралдарымен жабдықталған. Мектеп ауласындағы спорт алаңдары да талапқа сай. Тіпті, киіз үйдің де тігіліп тұрғанын көріп қуандық.
– Аулаға киіз үйді бекер қойған жоқпыз. Киіз үй – қазақтың қара шаңырағы. Ер жігіттің тәні де, рухы да мықты болуы керек. Ал рух дегеніміз – ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылық. Сол қасиеттерді бойларына сіңірген ұрпақ жаман болмайды. Өзіңнің салт-дәстүріңді құрметтей білсең өзгелердің алдында да мәртебең биік тұрады, – дейді Станислав Балтабекұлы.
Бапкермен әңгімеміз де аяқталды. Кезекті жаттығуға келген шәкірттері де жиналып қалыпты. «Келдіңдер ме, қырандарым?!» деп Станислав аға бокс қолғабын асынған жас жеткіншектерді спорт залына қарай бастап жүрді. Өмірі өнегеге толы бапкерге біз де сүйінішпен қарап қалдық.

Болат Мәжит
Еңбекшіқазақ ауданы