ЖАЯУ ЖҮРУ - БАРЛЫҚ ДЕРТКЕ ДАУА

Уақыты: 23.02.2019
Оқылды: 3424

Скандинавтық жаяу жүру – бүгінде әлемнің барлық салауатты өмір салтын ұстанушыларының  назарын өзіне аударған жеңіл спорт түрі. Жаяу жүрудің бұл түрінде арнайы таяқтар қолданылады. Оларды екі қолға тірек етіп, сол арқылы таулы аймақтарда кедергілерден оңай өтуге болады. Аты айтып тұрғандай, жаяу жүрудің аталмыш түрі Скандинавияның суығын спорт арқылы еңсеретін финдіктерге тиесілі. 

Алғаш 1997 жылы Финляндияда аталған әдіспен жаяу жүру курстары ұйымдас­тырылған еді. Үйрету курста­ры­­ның арқасында 2004 жыл­дың өзінде Финляндияда 760 000 адам жаяу жүрудің осындай ерекше «скандинавтық» түрімен айналысқан.  Ал 1990-шы жылдардың соңында скандинавтық серуендеу үлгісі дербес спортқа айналып, кейінірек мұндай жүру тәжірибесі Германия мен Австрия елдерінде танымалдылыққа ие болды. 
Скандинавтық жаяу жүру тә­жі­рибесі біздің елімізде де қолға алынып келеді. Осы мақсатта арнайы Федерация құрылды. Федерацияға мүше әр адам  «Әр күн сайын – 10 000 қадам жүрейік» деп аталатын жалпыұлттық бағдарламаны жүзе­ге асырмақ. Скандинавтық жаяу жүру федерациясына кез кел­ген адам мүше бола алады. Әр адамның осы мақсатты орындауы үшін Федерация оқыту, үйрету және арнайы дайындық шараларын жүргізетін болады.  Бұл жайлы Федерация Президенті Жамбыл  Ахметбеков : 
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) де­рек­теріне сүйенсек соңғы кез­де рак, жүрек-қантамырла­ры аурулары, простатит, қант диа­беті, пневмония, бүйрек және бауыр ауруларына шалдығу саны бүкіл әлем бойынша өсіп кел­еді, біздің еліміз де одан шет емес. Қаншама бауырларымыздың өмірін жалмап жатқан осы ауруларды болдырмай, оның алдын алудың ең тиімді жалғыз жолы жаяу жүру екендігі қазіргі медицинада дәлелденген. Сондықтан да, осы қорқынышты аурулардан халқымызды құтқарудың тиімді жолы күн сайын 10 000 қадам жаяу жүру. Яғни, әркімнің белсенді қи­мыл қозғалысы, физкультура мен спорт, денеге пайдалы жүктеме беру, яғни жаяу жүру бұл зауалды тоқтата алады. Біз кеңесімізді 1000 адамға тыңдата алсақ, яғни, біз 1000 адамды осы зауалдардан құт­қардық деп есептейміз. Егер біздің қатарымызға 1 000 000 адам кіретін болса, қоғамдағы миллион жанның дені сау болып, бақытты болуына өз үлесімізді қосқанымыз. Біз­дің Федерациямыз ауруханалар сал­майды, адам емдеумен де айналыс­пайды, бірақ шын мәнінде мыңдаған адамның өмірін құтқаруға атсалысады.
Біздің елімізде жаяу жүру және скан­динавияша жаяу жүру спорт түрінде танылмаған, яғни республика­лық спорттық тізбеде спорт түрі ретінде тіркелмеген. Сондықтан, біздің алдымызда осы спорт түрлерін заңды түрде тіркетіп, ресми мойындалуы үшін жүргізілетін үлкен жұмыстар күтіп тұр. Скандинавияша жаяу жүру спорты түрі бойынша Финляндиядағы Халық­аралық скандинавияша жаяу жүру федерациясының стандарттары мен нормативтерін қабылдаймыз. Ал жаяу жүру спорты бойынша өзіміздің нормативтері­міз бен стандарттарымызды әзірлейміз және соған сәйкес өзіміздің тәртіптеріміз бен ережелерімізді жасап шығарамыз.
Федерациямыз респубикалық және халықаралық деңгейдегі тиісті аккредиттеу және мойындалу рәсімдерінен өткеннен кейін еліміздегі басқа да мойындалған спорттық Федерациялар се­кілді заңдық негізде өз спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызға тиісті спорттық разрядтар мен атақтар береміз. Мамандар дайындап, тиісінше өзі­міздің жаттықтырушыларымыз бен спортшылар құрамын жасақтаймыз.
Бәріңізді біздің Федерацияға кіруге шақырамыз. Жаныңа жақ­ын жандардың дені сау бол­сын десең, туыс-бауырларыңызды, достарың мен жолдастарыңды біздің Федерацияға шақыр, «дені саудың жаны сау» дегендей бақытты да салауатты өмір жолына түсуге кеңес бер, – дейді. 
Иә, денсаулықты жақсарту мен денені қалыпты жағдайда ұстаудың ең оңай әдісі таза ауа­да серуендеу. Ендеше, жаяу жү­ру мықты иммунитет пен толас­сыз энергия көзі екенін естен шығар­маңыз!

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН, 
ЖМУ-дің 3 курс студенті