ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ ШЕБЕРЛІК

Уақыты: 30.03.2019
Оқылды: 946

Аққайнар ауылында 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан ашық біріншілік өтті. Оған 13 команда, 150-ге жуық боксшы қатысты.

 

Жарыс Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толуына орай, осы ауылдың ардагерлері мен «Қара майор» атанған полковник, ақпан айында дүниеден озған аққайнарлық Керімбаев Борис Төкенұлының құрметіне арналды. Ашылу салтанатында аудан әкімі Бағдат Әлиев барлық Ауған соғысы ардагерлерін құттықтап, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Әкім, сонымен қатар, аталған соғысқа қатысқан жауынгерлерге Алғыс хаттар тапсырды. Көпшілік алдында, сондай-ақ, Жамбыл аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің «Бача» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Жақыпбеков жарысты ұйымдастырған ауыл азаматтарына алғысын білдіріп, оларды ұйым атынан марапаттады. 

Үш күнге созылған бәсеке қорытындысында мықтылар анықталып, жеңімпаз балалардың мерейі үстем болды. Былғары қолғап шеберлері жеңіс тұғырында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен ұйымдастыру алқасының атынан медальдармен, мақтау қағаздармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аққайнарлық Кенжехан Тимур жарыстың ең үздік боксшысы болып танылды. Талдықорған қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Артур Қайпанов ең үздік техника көрсеткені үшін топ жарды. Аталған мектеп-интернаттың өрені Нариман Асқарұлы «Көрермен көзайымына» ие болды. Талдықорған қаласындағы «Жекпе-жек» клубының шәкірті Ернар Досымбеков «Жеңіске деген жігері үшін» марапатталды. Алматы қаласынан келген Бақтияр Жақыпов жарыстың ең үздік төрешісі атанды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы