СЕН ОСПАННЫҢ САРҚЫТЫСЫҢ КЕШЕГІ

Уақыты: 01.11.2016
Оқылды: 1658

1-раунд: Қанатқа сес көрсетті
Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің салмақ өлшеу рәсімі «Mega park» сауда ойын-сауық орталығында өтті. Естеріңізге сала кетейік, негізгі жекпе-ж ек Қанат пен Аллотейдің жұдырықтасуы. Екеуі де мықты боксшылар. Қанат бұған дейін 22 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен. Ал Ганадан келген қара бала 34 кездесу өткізіп, оның 28 накаутпен аяқтаған оғлан.
Бокс кешінде жеңіске жеткен боксшы супер орта салмақта (69 кг.-ред) WBO (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және IBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағын алады. Ал Қанат Ислам WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғауы тиіс екенін бұған дейін де айтқан болатынбыз. Қанат Ислам қазір WBC (Әлемдік бокс кеңесі) рейтингінде 5-орында тұр. Аллотейді жеңіп, рейтингте үздік үштікке енді. Бұл рейтинг Қанат Исламға кез келген уақытта әлем чемпионы атағына таласуына мүмкіндік береді. Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің жекпе-жегінде қолғап түйістірген қазақтың қайсар ұлдары да бар. Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Али Ахметов, Айдар Шәрібаев, Жұман Жұмабеков.
Сонымен салмақ өлшеу басталды. Бұл шараға келген адамның қарасы көп. Барлығы да Қанаттың қарсыласы мен сырттан келген боксшыларды қызықтауда. Рио Олимпиадасының қатысушысы жетісулық Жәнібек Әлімханұлы АҚШ спортшысы Милтон Нунезбен қолғап түйістіреді. Салмағы 79 келі салмақта олар 6 раунд бокстасады. Екі спортшы да салмақтарын анықтағаннан кейін бір-бірінің көзіне тіке қарады. Осы тұста, өзіне нық сенімді колумбиялық боксшы Жәнібектің кеудесінен итеріп жіберді. Біздің жігіт те қарап қалсын ба, қарсы ұмтылып еді ұйымдастырушылар арашалап алды. Бұл ісіңді шаршы алаңда дәлелде дегендей сыңай танытып, жай ғана топтың арасына өтті. Осы сәтте талай боксына көзім қанық, біздің болашақ жұлдызымыз Жәнібектің жайын білуге тырыстым.
– Жәнібекжан, қалай ана жігіт, сес көрсететін секілді, – дегенімде.
– Қорықпаңыз аға, әкесін танытамыз. Қазақтың кім екенін білмей жүрген адамдар ғой, – деп қолымды қысты.
– Ә, бәсе, біздің жігіттер анша-мұнша сеске сына қоймаушы еді. Жәнібектің бұл ісіне разы болып, арқасынан қақтым.
Одан кейінгі кезек Жанқош Тұраровқа келді. Ол ганалық Азек Ариимен 66 келіде 10 раунд күш сынасады. Мұнда да сол жағдай тіркелді. Тіпті, ганалық қара маржан Жанқоштың алқымынан алып, дөрекілік көрсетті. Бұл айбатына біздің жігіттің жігері құм бола қойсын ба? Сәл сабырлық танытты.
99 келіні көрсеткен отандасымыз Руслан Мырсатаев ганалық Нуху Азумимен (103 келі) қолғап түйістіреді. Оларға 10 раунд беріліп отыр. Алматы облысының жас боксшысы Әли Ахметов (78 келі) әзірбайжандық Әли Маммедовпен (77 келі) 6 раундқа жекпе-жекке шығады. Отандасымыз Айдар Шәрібаев (60 келі) испаниялық Хуан Венено Окуромен (59 келі) 6 раунд қолғап түйістіреді.
Ал Жұман Жұмабеков (63 келі) Беларусь боксшысы Владимир Ивановпен (63 келі) 4 раундта күш сынасады.
Ең соңында Қанат пен Аллотей шықты. Таразыдан түскеннен кейін Патрик сойқанды салды-ау. «Алматыға жеңіс үшін келгенмін», – деп сайраған қара бала сол жерде тұрып, Қанатты «бауыздаймын» деп тамағын орып жіберді. Ондай сайқымазақтың талайын көрген қыран Қанат сәл жымиды да қойды.
2-раунд: Бокс кеші
«Алматы арена» спорт кешені он төрт мың жанкүйерді құшағына сыйғызды. Негізі он екі мың адамға арналып салынған спорт кешенінде сол күні ине шаншар орын болмады. Ұзын құлақтан естігеніміз, көршілес Қытай елінен үш мыңнан аса қандас бауырларымыз Қанатты қолдауға келіпті. Бұл батыр ұлына деген қазақтың ерекше құрметі емес пе? Сонымен шаршы алаңды жағалай отырған ағайынның алдына бірінші болып Жұман Жұмабеков шықты. Қазақтың күйін күмбірлетіп, ортаға бет алып келеді. Қолдау білдірген ағайынның айғайы құлақ тұндырады. Оның қарсыласы беларустық Владимир Иванов. Төрешінің белгісі берілді. Арыстанша атылған Жұман соққыларын қарша боратты. Бас көтермеген Иванов қашуға мәжбүр. Бірінші раундтың орта тұсына келгенде бұрышқа тығып алып, соққының астына алды. Соңғы үш соққысы жекпе-жектің тағдырын шешті. Күрзі жұдырықты Жұман сол қолымен бауырдан, оң қолымен жақтың астынан (оперкуд), тағы да оң қолымен шықшыттан ұрып, қарсыласын есінен тандырды. Жеңіс біздің жігітте. Айғайға басқан ағайын жеңіс, жеңіс деп орындарынан тік тұрды. Салмақ өлшеу кезінде де Жұманның көзіне тіке қарай алмаған Иванов сол күйі басын салбыратып, рингтен түсіп кетті.
Екінші кездесу. Айдар Шарибаев «Көк тудың желбірегені» әнімен оюлы шапанын жамылып, ортаға шиыршық атып келді. Беліне «Албан» деп жазып алған оғлан ешкімге дес беретін емес. Оның қарсыласы мексикалық Хуан Окура өздерінің ұлттық әдемі әуенімен шықты. Екі мықтының арасындағы кездесу алты раундқа дейін  созылды. Айқастың алғашқы уақытында бағдарлау болды. Мұнан кейін екінші уақытта соққының астына алды. Ойнақтап жүріп жұдырық жұмсаған Айдардың айдарынан жел есіп тұрды. Тек мексикалық жігіттің ұнағаны рауындтың соңын жақсы аяқтайды екен. Соңғы сәтте қарқынға басып, ашық тұсты аңдып соғатыны көпшілікті тәнті етті. Бірақ біздің жігіт мұқалмады. Алтыншы раундқа келгенде аттай шауып, бас-көзіне қарамай төпелетіп әкетті. Жойқын соққыға шыдамаған қонағымыз жеңілуге мәжбүр болды. Жеңіс біздің жақта. Үшінші кездесу Әли Ахметов пен әзірбайжандық Әли Мамедовтың арасында өтті. Әли, Әли деп әндетіп шыққан әзірбайжандық боксшы жерлесіміздің жұдырығына төзе алмады. Ауыз шайымға келмеген Әли Мамедов жетісулық Әлиге небары 1 минут, 44 секунд ғана шыдап берді. Шыға сала бастан соққылаған Әли қарсыласын талдырып тастай жаздады. Қазақ боксшысының жойқын соқысын көрген әзірбайжандық бапкерлер ортаға орамал лақтырып, боксшысын соққыдан арашалап қалды. Мұнан кейінгі кезек Руслан Мырсатаевқа келді. Еліміздегі ауыр салмақты боксшының бірі бұған дейін үш кездесу өткізген. Барлығында  басым түсіп, бұл жолы да жеңісті айқын алды. «Астана арланс» командасында жүргенде де жарқын жеңісімен қуантқан Руслан бұл жолы тіпті дүрліктіріп жіберді. Ганалық Нуху Азумимен жұдырықтасты. Сымдай тартылып, ортаға шыққан Руслан бар-жоғы төрт соққы жасады. Оң қолымен тұмсықтан қойған қазақ жігіт Гана спортшысын есінен тандырды. Омақаса құлаған қонағымыз дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келді. Небары 44 секунд бокстасқан Руслан жеңісті айқын жұлып алды. Дәл осы сәтте сарайдағы жанкүйердің рухы аспандап, кешенді жарып жібере жаздағандай болды. Орындарынан атылған ағайынның қолдауы Русланды да шабыттандырғаны анық. Қазақ әні шырқалып, Алатауды жаңғыртты. Бесінші кездесу. Оюлы аппақ шапан жамылып, ортаға келген Жанқош Тұраров ганалық Айсак Ариені қуып жүріп соқты. Бірнші раундта-ақ тізгінді қолына алған Жанқош салмақ өлшеудегі ызасын қайтарғандай болды. «Жерлестерімнің алдында құтырғаныңды көрейін», – деді ме, әйтеуір соққыдан соққы жұмсап бет қаратпады. Қарсылас та оңай шағылатын жаңғақ емес. Екінші раундта біздің жігітке бірнеше соққысы дарып кетті. Онысы да дұрыс болды ма деп ойлаймын. Ашуға булыққан Жанқош кездесудің төртінші раундтында халықтың тынымсыз қолдауынан арқаланып, жекпе-жектің нүктесін қойды. Екі мәрте нокдаун беріп, үшіншісінде құлатуға мәжбүр болды. Көзінің айналып кеткенін көріп қалған ортадағы төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша құтырған түйенің жынын басқандай ганалық боксшыны сабасына түсірген Жанқош өз елінің алдында жеңіске жетіп, Қазақ елінің рухын аспандатты. Алтыншы кездесу. Жыландының жігіті бұған дейін де әуесқой бокста халқын қуантып үлгерген боксшы. Жәнібек Әлімханұлы колумбиялық Милтон Нуньеспен жұдырықтасты. Естеріңізге сала кетейік, Милтон бұған дейін тағы бір қазақстандық боксшыдан таяқ жеген болатын. «Жеңілген жұдырыққа тоймайды» дегендей, тағы да талқаны шықты. Алдында Генаның белдігін тартып аламын деп көпірген еді. Енді, міне, Жәнібектің жұдырығын иіскеді. Сонымен біздің жігіт құтырған боксшыны сабасына түсірді. Арландай айбат шегіп, соққының астына алған Жәнібек қарсыласын накаудқа түсірді. Бар-жоғы 2 минут, 56 секундқа шыдап берген Милтон ары қарай кездесуді жалғастыруға шамасы жетпеді. Соңғы соққысы қатты болды ма, омақаса құлады. Содан қайтып жұдырығын көтермеді. Оған дейін де екі мәрте жер бауырлаған болатын. Осылайша Жәнібек те жерлестерінің жеңісті жолын жалғады.
3-раунд: Алапат айқас
Ортада тұрған супервайхер екі спортшының атақ-даңқын хабарлап, бірінші ганалық спортшыны шақырды. Мемлекеттік туын көтеріп сарбаздар келеді. «Улы жебе» деген лақап аты бар Патрик те арқаланып, шиыршық атуда. Мұнан кейін ортаға Қанат Ислам келеді деп дауысталды. Әй, осы сәтті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Тек көру керек. Адамның рухы оянып, шарықтау шегіне жеткен кезі. Қырандай шүйлігіп, қаумалаған бапкерлерімен дүбірлетіп ортаға жетті. Иә, «Ақсарбас, Ер-Жәнібек!» – деп айғайлаған ағайында есеп жоқ. Орта жүздің жігіті, ұраны Ер-Жәнібек деп талай бабалары жауға шапты емес пе? Сол ұран бүгінгі Қанатқа да медеу болғандай. Қарсы келгеніне шашақты найзадай қадалатын Қанат бұл жолы да қарап қалмады. Екі елдің Гимні орындалды. Әсіресе Қазақ елінің Гимнін 14 мың адам шырқағанда Алатаудан асып, күллі әлемді жаңғыртқандай болды. Екі алыптың боксы басталды. Қос мықты да бір-бірін төпелетіп барады. Өткір көзімен тесіп жіберетіндей сыңай танытты, қайраттана түскен Қанат қарсыласына қарқынды жауап қайтаруда. Бірінші раундтан бастап соққыны жасаған алаң иесі. Қанаттың жойқын жұдырығы талай мәрте Патриктің танауын сүйкеді. Бірақ, қара маржан тарамыстай тартылып, сыр беретін емес. Оңай боксшы Қанаттың артынан қуып келе ме? Тіпті, жетінші раундта жерлесіміздің шаршағанын байқап, қарқынын үдетіп жіберді. Тамаша соққылар жұмсап, Қанатты құлатпаққа бел буды. Одан кейінгі раундта Ұлы Даланың ұланы қайта қарқын алды. Қапталдан айғайлаған Қазақ жұрты Қанатқа қосымша дем бергендей. Алма-кезек шабуылға шығып, екі боксшы да бір-бірін соққылады. Патрик 9-11 раундта қарқын алды. Оған өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалмауды мақсат тұтқан Қанат төтеп берді. Ақыры шешуші раунд. Соңғы сәтке дейін қасық қаны қалғанша жұдырық жұмсаған Қанат Патрикке еш мүмкіндік бермеді. Ақыры төрешінің белгісі беріліп, кездесу тоқтатылды. Тарамыс боп қатып қалған Аллотей қазақ жерінде құламады. Қанат құлата алмады. Әйтсе де ұпай санымен жеңіске жетті. Осы сәтте бөркін аспанға атқан Алаш жұрты қыран мінез Қанат ұлдарын төбесіне көтеріп, әлемге әйгіледі. Қос иығына алтын белбеуді іліп тұрып, кешегі Оспан батырдың сарқыты Қанат Ислам қолдау көрсеткен елі мен жарысты ұйымдастырған Бауыржан Оспанов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбекке алғысын білдірді. Қашанда қонағына құрмет көрсеткен қазақтың қасиеті емес пе? Белдігін тартып алып тұрып Патрикке де рахметін жаудырды. Осылайша Алматыда өткен алапат айқас Қазақ жігіттерінің жеңісімен аяқталды.

Алматы қаласы.