САЙХАННЫҢ КҮШІ СОЙҚАН

Уақыты: 05.05.2019
Оқылды: 1818

Тілі басқа болса да жүрегі бір,  ел үшін еңсесі биік спортшыларымыз жетерлік. Қасиетті қазақ жерінде шар болаттай шыңдалып, елім деп еміренген азаматтардың байрақты бәсекелерде намысыңды қорғағаны Алашқа деген зор құрмет емес пе?! Солардың бірі – Ұлы Даланың ұланы болғанын мақтан тұтатын ауыр атлет Сайхан Тайсуев.

Мұхит асып, әлемді таңғалдырып, талайдың жігерін құм етіп жүрген толағай 2002 жылы 21 мамырда Қаратал ауданы Үштөбе қаласында туған. Бала күнінен-ақ спортты жанына серік еткен Сайхан небәрі 9 жасынан бастап ауыр атлетикамен айналысады. Оны алғаш жаттығу залына ағасы ертіп барады. Тау көтерген толағайларды көрген баланың спортқа қызығушылығы оянып, сол күннен бастап жаттығуға кіріседі. Өзі қатты құмартқан спорт оны күн өткен сайын шымырлаған тұңғиығына тартты. Жаттығудан қалмай, күн-түн демей қызу дайындалғанның арқасында ол биік белестерді бағындырды.

Тынымсыз еңбек – жеңіске жетеледі. Нәтижесінде еліме қандай сый көрсетсем деген ойы іске асты. Дмитрий Ольховский баптаған шәкірт былтыр жасөспірімдер арасында Оралда өткен ел біріншілігінде чемпион атанды. Биыл АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 67 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. Жұлқа көтеруде 127 келіні, серпе көтеруде 161 келіні еңсерген Сайхан қоссайыс қорытындысы бойынша 288 келіні бағындырды. Одан бөлек, ол серпе және жұлқа көтеруден кіші алтын жүлдені де қанжығасына байлады. Серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын да жаңартты. Әлем біріншілігінде топжарған толағайды жеңіс алға жетеледі. Алда сойқан күшті Сайхан армандаған мұзарт шың бар. 

– Жер жаннаты Жетісу жері талай тарланбоз спортшыны баптаған мекен. Мұнда жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар, шойын жұдырықты боксшылар мен зілтемір көтерген толағайлар жетерлік. Барлығының арманы бір, ел абыройын асқақтату. Мен де қайтсем Қазақстанның айдарынан жел естіріп, мерейін өсіріп, Олимпиада чемпионы атануға тырысамын. Алдыңғы буын ағаларымыздың салған жолын жалғап, әлем чемпионы атану үшін барымды саламын, – дейді.

Иә, шоқтығы биік саңлақ, өз басынан ел абыройын жоғары қоятын рухты ұл. Бейбіт күннің батырының туған еліне деген адалдығы мен сүйіспеншілігі ғажайып ғибраттың қайнары. Бұйырса, әлі талай жеңісіңе қуанатын боламыз. Төрткүл дүниені таңғалдырып, дүбірлі додаларда жеңістің желкенін көтересің. Бұл менің, Мәңгілік Елдің мұратын арқалаған ұлға деген кеудені тепкілеген таудай сенімім. Олай болса, жас чемпионға Көк байрақтың астында өнер көрсетіп, бөрілі байрақты қолға алсам деген асқақ арманын орындасын демекпіз.

Айдар ҚАЛИЕВ