КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ: ЖАСТАРҒА СТАДИОН СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1489

Сарыөзек ауылындағы №49 орта мектеп қабырғасынан 60 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер балаларға арнап шағын стадион - футбол алаңын салып берді. Бұл Алғабас Оңалбаевтың бастамасымен қолға алынған игілікті іс екенін атап өткен жөн.

Ел ағаларының түлеп ұшқан мектебіне деген ерекше сыйлығынан-ақ олардың туған ел мен жерге деген ыстық махаббаттарын аңғаруға болады. Азаматтардың 60 жылдық кездесуі Жастар жылымен сай келді. Бұл – қуантарлық жайт.

«Осыншама жыл өтсе де алтын ұя - мектептеріңізді естен шығармай, қабырғасына келіп, жас түлектерді құттықтап, футбол алаңын сыйға тартып отырсыздар. Бұл көпке үлгі. Кешегі оқушылар бүгінде ел ағалары болып, туған жерге тағзым етіп, ауыл-аймақтың көркеюіне үлес қосуда. Жастар үшін жасаған ерекше жақсылықтарыңыз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз», – деді мектеп директоры Айман Мелісқызы.

Шағын футбол алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қатысты. Махаббат Сәдуақасұлы 11 жыл мектептен нәр алған жас түлектерді құттықтап, ақ тілегін білдірді. Сөйтіп, Алғабас Шайзаданұлымен шағын футбол алаңының лентасын қиып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Айта кетейік, биыл ауданда 438 оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшты.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Сурет ғаламтордан алынды