ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ: ГРЕК-РИМ КҮРЕСІН АЛТЫНСЫЗ АЯҚТАДЫҚ

Уақыты: 18.09.2019
Оқылды: 1058

Күрестен әлем чемпионатының екінші күні қазақ балуандары жүлдесіз қалды. 67, 87, 97 келіде сынға түскен балуандардың барлығы жарысты ерте жолдан аяқтауға тура келді.

Мәселен, 67 келіде Мақсат Шермағамбетке сенім артқан едік. Мақсат үмітті ақтамады. Алғашқы белдесуінде АҚШ құрамасының балуанымен кездескен. Өкінішке қарай, қарсыласына тегеурінді қарсылық танытпай, таза ұтылып қалды. Тіпті, күндегі күресінен жаңылып, боз кілемге жаңа келген тәжірибесіз спортшыдай күй кешті. Бұл салмақтың алтынын кубалық Ворреро Моли алды. Ол - Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Әлі де бабында екен. Әлем чемпионы деген атқа Олимпиаданың жолдамасын қосып, Токиода атой саламын деп отыр. Дәл осылай күрессе, алтын алатыны сөзсіз. Ол финалда орыс балуаны А.Сурковты жықса, қос қола неміс пен серб балуанына тиесілі болды.

Айтпақшы, қола алған неміс балуаны Ф.Щтафлер - үш дүркін әлем чемпионы. Парижде біздің Демеу Жадыраевты алтыннан айырған оғлан. Екі әлем чемпионатында Демеу осы неміс балуанына есе жіберді.

87 келіде ел намысын қорғаған А.Қыстаубаев екі қарсыласын ұтқанымен үшінші белдесуде кубалық қабыланға шамасы жетпей қалды. Бұл салмақта бірінші орынды украиналық Ж.Венелюк жеңіп алды. Олимпиада ойындарында күмісті еншілеген Жан алтын мен жолдаманы қоржынға басты. Айта кетейік, Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында алтынға қол жеткізген Ж.Венелюк - Украинаның Рада депутаты. Күміс мажарлық балуанға тиесілі болса, қос қоланы неміс өкілі мен ала шапанды ағайынның балуаны алды.

97 келіде сынға түскен Ерұлан Искаков Грузин балуанынан ұтылған еді. Бұл жолы алтын Ресейге кетті. Армян балуанын ұтқан ресейлік М.Евлоев чемпион атанса, қолаға серб пен түрік балуаны қол созды.

Үшінші күні 60, 77, 130 келі салмақтағы балуандар боз кілемге шықты. Бұған дейін әлемдік сынның күмісін еншілеген Мейрамбек Айнағұлов бұл жолы алтын алады деп қатты үміттендік. 60 келі салмақта боз кілемге аттаған Мейрамбек өзіне сенімді шықты. Бірінші белдесуінде бразилияның қазағы Марат Гариповпен жолықты. Шиыршық атқан отандасымыз қарсыласын әп-сәтте жауырынын жер искетті. Тіпті, еш қиналмастан екі рет қана әдіс жасап, 10-0 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейін, осы салмақта төрт қазақ боз кілемге шықты. Өзбекстаннан Елмұрат Тасмұратов, Қытайдан Валихан, Бразилия Марат Граипов және Мейрамбек. Осы төрт қазақтың ішінен жартылай финалға тек Мейрамбек Айнағұлов қана жетті.

Ол жартылай финалға дейін Латвия, Хорватия балуандарын жолынан ығыстырды. Тек жартылай финалда ресейлік С.Емелиннен ұтылып қалды. Осылайша, Мейрамбек жартылай финалға өту арқылы Қазақстан құрамасына грек-рим күресінен алғашқы Олимпиада жолдамасын салды.

Қола үшін таласта Мерамбек украиндық балуан Л.Темировты 10-0 есебімен жеңді. Осылайша, Мейрамбек Айнағұлов өз елімізде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Айта кетейін, грек-рим күресінен чемпионат бойы ең әдемі әдіс істеген де осы Мейрамбек болды. Ол Хорват балуанын 5 балға тастады.

Екінші қолаға өзбекстандық қандасымыз Елмұрат Тасмұратов таласты. Кіші финалда ирандық Ә.Нижатимен жолыққан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Елмұрат Тасмұратов қарсыласына шамасы келмеді. Ә. Нижати қола жүлдегер атанды.

Алтын тұғырға ресейлік С.Емелин мен жапондық К.Фумита үміттенді. 10-5 есебімен Жапон мықтысы әлем чемпионы атанды. Фумито осымен екі дүркін Әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

77 келіде Алматы облысының балуаны Асхат Ділмұхамбетовтің жолына үмітпен қарадық. Бұған дейін жанкүйерлер мен күрес мамандары чемпионаттың алтынына лайықты Асхат деп болжаған. Қарсыластары өте қарқынды болса да сенімді ақтайды деген. Бірақ болжам орындалмады. Расымен де Асхаттың қарсыластары өте мықты болды. Жерлесіміздің жеребесіне Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Роман Власов түсті. Сонымен Асхат бірінші кездесуінде Чех балуанын оңай жеңді. Үшінші белдесу нағыз айқас болды. Екі арыстан боз кілемде айқасты. Күллі әлемнің назары осы белдесуге ауды. Мамандар алдын ала чемпионаттың алтынын Власовқа беріп қойған болатын. Бірақ оған біздің Асхат мүмкіндік бермеді. Асхат әдемі әдісмен кеудесінен асыра лақтырып, төрт ұпайды еншіледі. Артынша тағы бір әдіспен өзінің жеңісіне сенімді болды. Сарай ішін жаңғыртқан жанкүйерлердің қолдауынан рухтанған Асхат одан ары атойлай түсті. Қайсар мінезді қазақ баласының қаһарына шыдамаған Власов жеңісті жұлып ала алмады. Осылайша жартылай финалға жолдама мен Токио лицензиясын елге сыйлады. Өкінішке қарай, жартылай финалда Мажар балуанына небары бір ескертумен есе жіберіп қойды.

Келесі күні жүлдеге таласқан балуандардың ішінде кіші финалдың бірінші кездесуін ирандық әлем чемпионатының қола жүлдегері М.Гераи мен армяндық К.Шалян таласты. Қос мықтының арасындағы белдесу өте тартысты өтті. Алғашында төрт балға ұтылып жатқан Мұхамедали артынша төрт одан кейін екі балдық әдіс жасап, алға шықты. Ақыры ұпай санын 9-ға жеткізіп, М.Гераи қола жүлдегер атанды. Екінші болып боз кілемге жетісулық Асхат Ділмұхамбетов пен Өзбек ағайынның балуаны Ж.Бердемұратов шықты. Жерлесіміз қанша тырысқанымен өзбек спортшысына шамасы жетпеді. Осылайша қолда тұрған қоладан айырылып қалдық.

Финалда мажарлық Томас Лоренс бен Щведцияның мықтысы А.Бьёрберг күресті. Сарыарқаның алтынын мажарлық Томас жеңіп алды. Ол жартылай финалда жетісулық Асхатты жеңген болатын.

130 келі ең ауыр салмақты балуандардың белдесуде М.Шадукаев екінші кездесуінде қырғыз балуанынан аса алмады.

Қос қоланы естондық Х.Нави мен грузиндік И.Хаджая өзара бөлісті. Алтын тұғырға екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, панамерика ойындарын үш рет ұтқан кубалық Оскар Пино Хиндес пен екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы, сегіз дүркін Еуропа жеңімпазы, атақты түрік балуаны Рыза Каяалп таласты. Екі алыптың арасындағы айқаста Рыза Каяалп төртінші мәрте әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

Ал әйелдер арасындағы күрес өте қызықты болды. Бірінші күні 50, 53, 55, 72 келідегі балуандар күресті. Қазақ балуандары төрт қызды үкілеп қосты. Бірінші 53 келі салмақта Т.Ахметова боз кілемге аяқ басты. Оның қарсыласы Беларусь балуаны болды. Алғашқы минуттан ақ шабуылға өтіп ұпай еншілеген отандасымыз екі кезеңде де тамаша өнер көрсетті. Соңғы үш секунд қалғанша тер төккен аруымыз соңғы мүмкіндікте жығылып қалды. Осылайша, қарсыласы келесі айналымға жолдама алды.

50 келі салмақта Ресейден бізге өткен В.Исламова қайсарлық танытты. Ол жартылай финалға дейінгі белдесулерін уақытынан бұрын аяқтап, жеңіске жетіп отырды. Ол бірінші айналымда француз қызын ұтса, екіншіде Беларусь аруын үйіне қайтарды. Одан кейін түрік қызын 13-2 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша, қыздар арасындағы Олимпиаданың алғашқы жолдамасын жеңіп алды. Тек жартылай финалда Румын қызына есе жіберіп қойды. Қарсыласын алғашқыда тықыртқанымен соңғы минутта ұпай берді. Кездесудің соңына дейін таразы басын өзіне аудара алмай, жеңілісті мойындауға тура келді.

55 келідегі жетісулық М.Седнева да жақсы бастаған болатын. Екі қарсыласын таза ұтып, жартылай финалда сүрінді. Сондай-ақ, 72 келідегі Жәмила Бақбергенова да жартылай финалдан аспады. Енді қыздарымыз қола үшін тартысқа шығады. Ал грек-рим күресінің балуандары өз елімізде өткен әлем чемпионатын алтынсыз аяқтады. Қазақстан құрамасында 1 күміс, 2 қола медаль ғана бар.

Екінші қолаға таласқан жетісулық М.Седнева орыс қызына ұтылып, қолда тұрған қоладан айырылып қалды. Алматы облысының тағы бір өкілі кіші финалда өнер көрсетті. Ол жапон қызымен жан алып, жан берісті. Бірінші кезеңді жақсы бастағанымен, екінші кезеңде сылбыр қимылдады. Соңғы сəтте қарқын қосқанымен, қарсыласы алдырмады. Осылайша, жетісулық қос ару қоланы қоржынға түсірген жоқ. Алда əлі боз кілемге шығатын арулар бар. Олардың арасында Алматы облысының үкілеп қосқан балуан қызы Аяулым Қасымова ерекше атауға болады. Баршасына сəттілік тілейік!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Нұр-Сұлтан қаласы