"АБЫРОЙСЫЗДЫҚ ЕМЕЙ НЕМЕНЕ?" АЛТЫ ГОЛ ЖІБЕРГЕН "АСТАНА" СЫНҒА ІЛІКТІ

Уақыты: 25.10.2019
Оқылды: 935

Қазақ командасы Еуропа лигасында қақпасына 6 гол жіберіп мазаққа айналды. Ішкі чемпионатты биік қойып, қосалқы құрамын шығарған Роман Григорчук елдің абыройын емес, жеке басының қамын ойлады. Бұл туралы белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен www.inbusiness.kz сайтында жазды.

Қазақстан чемпионы - "Астана" командасы Еуропа лигасындағы ойындар маңызды емес, біз ішкі біріншілікте чемпион болуымыз керек деген ұстанымын ашықтан-ашық мойындады. Сондықтан да, "Қайратты" жеңгеннен кейін бұл команда қосалқы құраммен Нидерланды командасы "АЗ"-ға қарсы алаңға шықты. Алайда абдырап қалған елордалық команда қақпасына 6 гол жіберді.

Бірінші таймда қақпашы Ненад Эрич жарақат алып, ойыннан кетті. Артынша қорғаушы Абзал Бейсебеков те жарақатына байланысты орнын Антонио Рукавинаға боатуға мәжбүр болды. Бірінші таймда екі гол жіберіп, екі ойыншыны алмастыруға мәжбүр болдық.

АЗ (Нидерланды) – "Астана" - 6:0 (2:0). Голдар: Теун Коопмейнерс 39 (пенальти), 83 (пенальти), Мирон Боаду 43, Келвин Стенгс 77, Юкинари Сугавара 85, Уссама Идрисси 90+2.

Қазақстанның клубтық рейтингісіне біршама ұпай әкеліп жүрген "Астананың" осыған дейінгі еңбегін, жеңісін әлбетте сызып тастай алмаймыз. Дегенімен, жеңілсе де, абыроймен жеңілуге болушы еді ғой. Ішкі біріншілікте "Астананың" келесі қарсыласы - "Ақтөбе" командасы. Ол командаға қарсы негізгі құрамды демалдыртып қоятындай жағдай емес еді.

Клуб басшылығының негізгі мақсаты "Астана" ел чемпионы атанып, Еурокубокке қатысу. Оның ішінде де Чемпиондар лигасына жолдама алу. Бұл мақсатты орындап, келер жылға жақсы бюджет алу үшін басшылық осындай меже қойды.

Бапкер де өз кезегінде сол мақсатты орындау үшін қызмет етуде. Мақсат қойылды, соған қадам жасалуда. Алайда Президенттік кәсіпқой клубтың басшылығы ел абыройы, Қазақстан футболының беделі деген сауалдарға аса қатты бас ауырта бермейтіні байқалады. Нидерландының ортаңқол ұжымы "Аз-дан" алты гол жіберу абыройсыздық емей немене?

Ермұхамед МӘУЛЕН

Inbusiness.kz