ҚАРСЫЛАС ШАҚ КЕЛТІРМЕДІ: ЖЕРЛЕСТЕРІ ЖАНДОСҚА ТҰЛПАР МІНГІЗДІ

Уақыты: 03.11.2019
Оқылды: 1090

Германияның Лейпциг қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында жетісулық Жандос Асқарбекұлы қарсылас шақ келтірмеді. 26 елден 200-ге жуық спортшы қатысқан турнирде Жандос 80 келі салмақта бақ сынап, алтын медальді мойнына тақты.

Он жасынан бастап спортқа ден қойған Жандос бүгінде әлем кубогының жеңімпазы. Алғашында дзюдо, кейін бокспен шұғылданып, ақыр соңында жекпе-жек спортына түбегейлі ауысқан жетісулық жігіт талай биік шыңдарды бағындырып жүр. Ол бұған дейін 2017 жылы Азия чемпионы болған. Өткен жылы Санкт-Петербург қаласында өткен әлем чемпионатында қола тұғырдан қол бұлғап, жерлестерін қуантқан болатын. Енді, міне, әлем кубогында олжа салып отыр. Жандос әлемдік додада үш кездесу өткізді. Бірінші поляк жігітін ұтса, екінші, ала шапанды ағайынның майталманын жолынан ығыстырды. Финалда ресейлік қарсыласын тізе бүктіріп, чемпион деген атқа қол жеткізді.

Жеңіспен оралған Жандос Асқарбекұлын жерлестері қошеметпен қарсы алды. Қаланың кіреберіс қақпасынан тосқан жанкүйерде есеп жоқ. Барлығы да гүл шоқтарын алып, Жандостың суретін ұстап, үлкен құрмет көрсетті. Үстіне Көк туды жамылып келген Жандосты Талдықорған қаласы мәслихатының хатшысы Темірболат Ахажанов құттықтап, Жетісу жұртшылығының ыстық ықыласын жеткізді. Одан кейін Жандостың отбасы, ағайын-туыс, ауылдастары чемпионның астына тұлпар мінгізіп, қазақтың салт-дәстүрін жасады.

Жеңіспен оралған Жандос Асқарбекұлы астына сәйгүлік мінгізген барлық туыстары мен жанкүйерлеріне, бапкері Ермус Мұсыркенов пен Дәурен Садықбаевқа алғысын жеткізді. Қазақстаннан аттанған спортшылардың бірі чемпион, екеуі финалист атанып, қалғаны басқа да жүлдеге қол жеткізіп, командалық есепте үшінші орынға табан тіреді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ