АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АЛЫПТАР

Уақыты: 18.11.2019
Оқылды: 1217

Бүгінде волейболға қызықпайтын адам жоқ. Әдемі ойынның қызығына еліктеп, талай бала жарыстың шыңына шығып, өз есімдерін танытып жүр. Осындай биік белестерді бағындырған ауыл командасының орны ерекше емес пе?! Дәл осы тұста, мен өткен шаққа ой жүгірткенді жөн көрдім. Әңгімем нақты болу үшін мына бір жайттан бастайын.

Бірде Жетісу мемлекеттік универисетінің алдында волейболдан спорт шеберлігіне үміткер, 70-80 жылдары облыстық құрама командасының мүшесі талантты волейболшы Дүйсембай Шыныбековпен жолығып қалдым. Көлбайдан қанат қаққан ағамыз талай баланың томағасын сыпырып, топқа қосқан еді. Сол қалпынан таймаған Дүйсембай ағамыз маған «Мұрат-ай, сенде үлкен шаруам бар. Есіңнен әлі кете қоймаған болар, біздің  Көлбай ауылы, талай жарыстарда топ жарып еді. Есіңде ме, республикалық чемпионатта Ақтөбеде бірінші орын алғанымыз. Сол кездегі ойыншыларды айтсаңшы?! Барлығы да ауылдың азаматтары емес пе? Міне, сол кездегі дүркіреген ойынымызға да 46 жылдың жүзі болды. Осы жігіттердің ерлігін кейінгі жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету сенімен менің мойнымызда. Оның үстіне біраз жігіттердің көзі жоқ, сол ерлеріміздің аруағы разы болсын, ауылға барып, турнир өткізіп, жарқын күндерімізді еске алайық. Сол үшін саған арнайы келіп тұрмын. Маған қарағанда сенің қолың ұзын, мұрағаттан болып қалар, газеттерге жарыса жазған мақалалар мен суреттер сақтаулы тұрған шығар, соны сен тауып, газетке қайта жаңғыртсаңшы», – деді. Менің де көкейімде жүрген істің бірі еді. Ағамның сөзін құп алып, жұмысқа кірісіп кеттім. Әттең-ай, бір кем дүние! Дүркіретіп турнир өткіземіз деп жүргенде Дүйсембай ағамнан да көз жазып қалдым. Алдағы болатын турнирде жарқырай алмайтыны жаныма батады. Бірақ, ағаның аманатын арқалап, келер ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен мына бір шағын мақаланы жазып отырмын. Азғантай шимайымды түсірем деп жүріп, мұрағаттардан 1971 жылы жазылған мақала мен суреттерді таптым. Ел чемпионатында жеңіске жеткен тоғыз жігіттің Команда капитаны Дүйсембай Шыныбеков, Мұратбек Қоспанов, Оматай Қалдыбаев, Сейсен Құдашев, жоғарыда тұрғандар: команда жаттықтырушысы Қажытай Саменов, Заман Тілеуов, Серікқажы Саменов, Медеш Сәлімбаев, Меліс Жылқыбаев (Саңқайбаев) суреті басылған газет қолыма тиді. Әрине, жыл өткен сайын болған іс тарих қойнауына кететін өмір заңдылығы емес пе? Жігіттердің суреті басылған газет те көмескіленіп, жұлдызы жанған жігіттердің суреті де танымастай болып қалыпты. Ескіленіп қалса да, біз үшін ыстық, тарих сондығымен құнды деп ойлаймын. Сонымен Көлбай ауылының командасының жүріп өткен жолына тоқталайын. Керекті мәліметтеріме қол жеткіздім, енді қалғаны жұлдызды шақты еске түсіріп, қағаз бетіне жазу. Ал бастайын.

1971 жылы Талдықорған облысы, Көлбай ауылындағы «ДСО Қайрат» ерікті спорттық бірлестік бойынша, «Саратов» қой кеңшарының командасы волейболдан Ақтөбеде өткен ел біріншілігінде чемпион атанды. Сол спорттық шыңға да биыл 46 жыл толып отыр.

Әлі есімде, 1971 жылдың шілде айы. Андреевка аудандық біріншілігінің ақтық сынында «Андреев РСХО» командасымен кездесіп 3:2 есебімен ұттық. Ойын өте тартысты өтті. «РСХО» командасының ойыншылары Анатолий Ковалев, Қажытай Саменов, Борис Краснафеев, Анатолий Малютин, Коля Назаров, Генадий Бимендинов, Юра Малютин жүйелі ойын өрнегін көрсетіп, шеберлік таныта білді. Жеңіске жеткен команда облыстық чемпионатқа жолдама алды. Облыс біріншілігінде алғашқы ойында Сарқан командасын 3:0 есебімен жеңсек, Панфилов ауданы Көктал командасын да жолымыздан ығыстырдық. Осылайша қарсыластарымызды қоғадай жапырып, облыс біріншілігіне жолдама алдық. Мұнда да жүйелі ойын көрсетіп финалға шықтық. Ақтық сында «Қапал» командасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп,  Ақтөбеде өтетін ел біріншілігіне аттандық. Мұнда әуе добының хас шеберлері жиналған. Барлығы бір-біріне тегеурінді қарсыластар. Ақтық сынға дейін Шымкент облысының командасын, Шығыс Қазақстан облысының волейболшыларын, Қарағанды облысының командасын жеңіп, финалда жарыс қожайындары Ақтөбе облысының командасымен кездесу мүмкіндігіне ие болдық. Кескілескен ойында шеберлік танытып, Ақтөбе облысының командасын 3:1 есебімен жерге қараттық. Осы жерде болған бір оқиға есіме түсті. Ақтөбемен болған кездесуде бірінші тайм біздің пайдамызға шешілмеді. Соңында бізді жарысқа алып барған облыстық спорт комитетінің басшысы Месллер ойынды тоқтатып, төрешіге бір парақ қағазды ұсынды. Сөйтсек, Ақтөбе командасының сапында «Спартак» ұжымының екі ойыншысы кәсіпқой волейболшысын қосып алған екен. Бұл ауыл жастарының спартакиадасы. Міне, осыны дәлелдеп берген А. Месллер мен төреші Л. Цой ойыннан кәсіпқой спортшыларды аластатты. Сонымен ойын қайта жалғасты. Арам ойлары іске аспаған Ақтөбе командасы біздің алдымызда тізе бүгуге тура келді. Есеп 3:1. Ел чемпиондығын жеңіп алған Көлбай командасының атағы республиканы шарлап кетті.

«ДСО Қайрат» бірлестігінің төрағасы, облыстық спорт комитетінің бастығы А. Месслер : «Талдықорған облысынан келген команда Көлбай ауылының тұрғындары. Олар трактористтер, құрылысшылар, дәрігерлер мен оқушылар. Команданы бастап келген Қ. Саменов аудандық спорт комитетінің бастығы, Көлбай ауылының тұрғыны. Міне, нағыз спортшылар, – деп марапаттап, әрбір спортшыға бірінші разрядты және кубок бағалы сыйлықтар табыстады. Кейіннен Дүйсенбай Шыныбаев ағамыз спорт шеберіне үміткер атағын алды.

Талдықорғанға келгеннен кейін облыстық волейбол спортының төрағасы Л. Цой: «Көлбай командасы бірін-бірі тыңдай білетін, үш бірдей тосқауыл қоя білетін, соққылары жойқын, қорғанысы мығым жылдам қозғалатын бір-бірінің қателігін кешіре білетін моральді тұрақты команда. Осы команда өздерінің ойынымен таңқалдырды», – деп жылы лебізін білдірді.

Бізді бастап барған Андреев аудандық спорт комитетінің төрағасы Қажытай Сәменов. Ол кісі Алматы дене шынықтыру институтының волейбол кафедрасын тамамдаған кәсіпқой волейболшы.  Әлі есімде Дүйсенбай ағаның жойқын соққысы керемет еді. Медеш ағаның әуедегі допты бастан айналдыра соғатын, Серікқажы ағаға пас бергенде ұмтылып-ұмтылып қашан соғатынын ешкім білмей қалатын. Соққан добы көз ілеспес жылдамдықта ұшатын. Ал, Меліс аға ойнау шеберлігі және қарлығаш секілді жердегі допты құлап барып алатын. Оматай аға Қарағанды дене шынықтыру техникумын бітіріп келген жас мектеп мұғалімі еді. Оматай аға екеуміз пас беруші, біз де осы кісілер сияқты бір кісідей ойнадық. Кей кезде соққан добымыз да өткен кезі болды. Маған «ДСО Қайрат» бірлестігінің «ең жас волейболшысы» деп грамота, бірінші  разряд, бағалы сыйлықтар беріп марапаттады. Ол кезде мен небары 16 жаста болатынмын. Заман аға мен Сейсен аға да шебер ойыншы екенін көрсете білді. Команданың толық мүшесі Мүшебаев Бекен және Бақыт Есімханов түрлі себептермен ойынға қатыса алмады. Бірақ облыстық марапаттау кезінде ол кісілерге де волейболдан бірінші разряд  және бағалы сыйлықтар табысталды. Осы ойыншылардың алғашқы бапкері болған, шеберлігін шыңдаған солақай волейболшы Болат Қасымов еді. Спортшыларға жол көрсеткен волейбол үйреткен волейболшылар Саматай Аитов, Мұратқали Мұқажанов, Сайлау Сыдықбеков, Исатай Мамажанов, Болат Қасымов, Бәзілбай Мәдияров, Жолдасбай Мұхамедқалиев, Сейтқали Қамзанов, Тәңірберген Қасымов, Бақыт Есімханов.

Ал, мына азаматтар алдыңғы ағаларының ізін жалғап ауыл намысын қорғаған ойыншылар: Бағдат Шатырбаев, Құсбек Сейітханов, Әлішер Мұхамеджанов, Алдаш Қариполдин, Болатхан Қалдыбеков, Марат Барлыбаев, Берікқали Мұқашбаев, Қайрат Қартамысов деген спортшылар шыңдалып шығып, талай аудандық, облыстық  жарыстарда топ жарды. Қазіргі уақытта да Көлбай ауылы волейболдан алдына жан салмай, дүбірлі додада жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ауылдан шыққан талантты волейболшылар облыстық, республикалық командаларда өнер көрсетуде. Сондай мықтының бірі республикалық бірінші дәрежедегі төреші Бағдат Шатырбаевтың орны ерекше. Осы жерде волейболшыларды ойын алаңы мен спорттық киімдермен қамтамасыз етіп, шыңдаған мектеп дене тәрбиесінің мұғалімдері Қажкен Сыдықжанов, Абдулла Гасановтың еңбегін айта кеткен ләзім.

Келер жылы Көлбай ауылына тоқсан жыл толады. Міне, осы шарада ағаларымыздың есімі қайта жаңғырып, үлкен волейбол турнирі өтпек.

Мұратбек ҚОСПАНОВ