Ақ қарға алау жаққан

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 2279

Дүбірдің дабыл қағатын күні жақындаған сайын Қазақ елінде қарбалас тірлік. Осыдан алты жыл бұрын дәл осындай күй кешіп едік. Азиада ойындарын қабылдағанда күллі қазақ жұрты жарысқа бірауыздан атсалысып, мемлекеттің мәртебесі үшін аянбай тер төккен. 

Ол Азия көлемінде болса, енді, міне, бүкіләлемдік Универсиада ойындары. Бұған екі есе күш жұмсауға тура келеді. Азиада ойындарының қалай өткені барлығымызға мәлім. Мұндағы менің айтпағым, сол дүбірдің алдында «Алау эстафетасы» ұйымдастырылған еді. Күллі Алаш даласын жалынмен шарпыған бәсекенің алауы талай жүректі жібітіп, жарысқа деген қызығушылығын оятқан. Сол кездегі жасөспірім мен де ертең спортшы боламын, алау құтысын қолыма ұстаймын деп армандағаны анық. Дәл сол кезде алау құтысын әккі спортшылар мен спорт ардагерлері алып жүрген еді. «Жақсыны көрмекке» дегендей, ел мақтаныштарын сол бір шарада жетесіне жеткізіп тұрып, дәріптеген едік. Бұл жолы томағасы жаңа сыпырылған жас қырандарымыз алып жүреді. Есімі енді таныла бастаған жас спортшылар еліміздің барлық облысын қамтып, халықты жарыстың басталуымен сүйіншілейді. Мұндай құрметке бөленген жастарымыздың бәсі жоғары. Өміріндегі тарихи сәт десек те болады. Қысқы спорт додасы араға жылдар салып Қазақ елін қайта айналып соғары белгілі. Десе де, дер кезінде тарихи сәтке қол жеткізу – жас спортшылар үшін үлкен мәртебе. Міне, сондай дүбір Жетісу жерінде де өткелі отыр. Талдықорған қаласын дүбірге бөлейтін эстафетада кімдер алау ұстайды деген ой мазалайтыны белгілі. Басқа облысты айтпағанда, Жетісу жерінің мықтыларын тізейік. Алматы облысы – таланттардың мекені деп жиі айтамыз. Өткен Азиада ойындарында сол таланттардың біразы алау құтысын ұстау мәртебесінде ие болған. Ол мықтыларымыз ардагер спортшылардың қатарына енсе, күні ертең өтетін шарада жаңа есімдер ел алдына шығады. Жаңа есім дегенімізбен, талай байрақты бәсекеде атой салған оғландар. Оның шынар басында бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы тұр. Жәнібек – Қазақстанның туризм және спорт академиясының студенті. Рио Олимпиада ойындарына қатысқан талант Алакөл ауданының тумасы. Мұнан кейін балуандар арасынан Нұрмахан Тыналиев. Ол әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы. Туризм және спорт академиясының студенті.  Мемлекеттің аса қолдауының арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорт дамып келеді. Оның нақты дәлелі, Рио паралимпиадалық ойындары. Екі спортшымыз алтын мен күміске қол жеткізіп, тарихта болмаған жаңалықты тіркеді емес пе? Сол күмісті сыйлаған Раушан Қойшыбаева ел мақтанышына айналып, алау құтысын алып жүгіреді. Пауэрлифтингтен Азия мен әлемнің чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Жас спортшылардың ішінде болашағынан көп үміт күттіретін талантымыздың бірі Ибрагим Берсанов. Ауыр атлетикада екі дүркін «Әлем чемпионы» деген атағы бар, болашақ Олимпиада ойындарына қатысушы деп атасақ та артық емес. Осындай жалындаған жас жігіт, Жетісу жерін алау құтысымен сүйіншілемек. Қыздар арасында үздік шыққан зілтемірші Карина Горичева да назардан тыс қалмайды. Риода қола сыйлап халық қуантқан қайсар қыз, тарих жылнамасына алау ұстаушы деген атпен жазылады. Бұл біз үшін де, спортшылар үшін де ескірмейтін естелік. Жалпы Жетісу жерінде өтетін «Алау эстафетасын» алпыс алаугер алып жүреді. Бұл жайында алдағы уақытта білесіздер.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ