СПОРТ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ФЕНОМЕНІ ӨМІРДЕН ОЗДЫ

Уақыты: 05.07.2020
Оқылды: 1301

Диас Омаров қайтыс болды деген қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Ондай қайғылы жаңалықты күтпеген едік. Шынында да, жасы үлкен болса да ол ғұмыр бойы салауатты өмір салтын берік ұстанды. Достарымен бірге аптасына бірнеше рет сүйікті ойыны футболға барып тұрды. Спорт жанкүйерлері оны №1 деп білетін.

Диас Омаровтың әкесі Ілияс Омаров мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс кезіндегі ең жас Қазақ КСР Сауда халық комиссары атанған, содан кейін Қазақ КСР-і Мәдениет министрі қызметін атқара жүріп үлкен ұлын футболға беру туралы шешім қабылдады. Бұл Диасқа берген әкенің ақ батасы еді. 1947 жылы Ілияс Омаров ұлын "Динамо" стадионына алып келді. Сол кезде Диастың көз алдынан футболшылар доп теуіп жатқан көрісі кетпеді. Жеті жасар бала футболға осылай ынтық болды.

«Маған футбол қатты ұнайды. Әсіресе, соққы жасау мен гол соғу» деген Диас «Медик» стадионында жиналған балалардың қатарына қосылады. Жаттықтырушы Алексей Козелько оларды екі командаға бөліп, матч өткізеді. Сол кезде Тимур Сегізбаев қарсыластарына екі гол соқты. Оларға қарсы Диас Омаров та екі гол кіргізді. Нәтижесінде ойын  2: 2 болып тең аяқталды. Осылайша Алексей Козелько «Қайраттың» болашақ жұлдызының бапкері атанды.
Кейіннен талантымен көзге түскен Диас Омаров «Қайраттың» алғашқы оқу-жаттығу жиынына аттанды. Жастық шағын аты аңызға айналған спорт клубына арнады. Содан басталған алғашқы қадам бүгінгі спорт журналистикасының феноменіне әкелді. Диас Омаровтың дауысы 1972 жылы Мюнхендегі Олимпиада ел есінде қалды. Кейіннен Мәскеу Олимпиадасында жоғарғы хоккей турниріндегі матчттарды жүргізді.

Ол қай мелекет, қай қалада болмасын өткен жарыстардың репортажын жоғары деңгейде жүргізді. Әсерлі айтылған сөздері орнын тауып, көрерменнің көзайымына айналды. Үлкенмен де, кішімен де жылдам тіл табысуы оған деген құрметті арттырды. Кейін артынан ерген інілері Диас Омаровтай ұстаздың шәкірі болғандарын мақтанышпен айтары анық.

Диас Омаровтың шеберлігі мен энциклопедиялық білімі бәрімізге үлгі-өнеге, жол сілтер шолпан жұлдызға айналды. Ойынды сауатты талдауы, микрофон арқылы көрермендердің назарын бірден аударуы және спорт атмосферасын сезіндіруі көптеген спорт комментаторларына үлкен сабақ.

Ұлттық журналистика шебері, қазақстандық спорттың дауысы атанған адам 80 жасқа үш жарым ай ғана уақыт жетпей өмірден озды. Барлығы оны келе жатқан мерейтойымен ерекше құттықтауды жоспарлап та қойған еді.

Өкінішке орай, Алланың ісіне қарсы келер дәрмен жоқ!

Диас Омаров бәріміздің жүргемізде өмір сүре бермек...

Ілияс Омаров,
ҚР спорт баспасөзі қауымдастығының президенті