ЖОЗИ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ? КІШКЕНТАЙ ҒАНА ОТАНЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН СПОРТШЫ

Уақыты: 25.01.2021
Оқылды: 1204

1952 жыл, Финляндия, Хельсинки Олимпиадасы. Люксембургтен келген жүйрік жігіт Жози Бартель чемпиондық тұғырда жылап тұр.

Хельсинкиде Жози Бартель 1500 метрге жүгіруден алдына қара салмайды, бұған қоса Олимпиада рекордын да қойып тастайды!

Жозиден басқа да желаяқ жеткілікті еді, жүйрік жігіттің бұл жетістігі ұйымдастырушылардың шәт-шәлекейін шығарады. Қарбаласып, қапылып, бір-біріне соғылысып, берекеттері кетеді. Алайда тым кеш еді.

Жүйріктерді марапаттау уақыты келеді. "Люксембургтен чемпион шығады дейсің бе" деп дайындыққа салғырт қараған финдар Жозидың құрметіне ойнауы тиіс Люксембург Гимнін аяқ астынан таба алмайды. Оркестр ойына келген бір маршты ойнай салады.

Жози Бартель алтын алқасын тағынып ап, Гимнін тыңдап, Туына қарап, жарқырап тұрудың орнына жылап сала береді. Әлбетте, ол бақыттың көз жасы емес еді. Өзінің кішкентай ғана Отанына деген көзқарас үшін ренжіп, жылаған еді.

Ұйымдастырушылар жік-жапар болып кешірім сұрайды. Бірақ оның не мәні бар? Келесі жылы бұл фотоның түсірілгеніне 70 жыл болады. Сол жетпіс жылдың ішінде Люксембург әлі Олимп ойындарында алтын ұтып көрмепті. Ал Люксембургтің ең үлкен стадионы кімнің атында дейсіз ғой? Иә! Алып спорт кешені Жози Бартельдің атында!

Алмас АЛТАЙ