КӨПШІЛІККЕ КЕРЕК ҚАДАМ

Уақыты: 09.11.2017
Оқылды: 1129

     Адам баласы туған-туыстарының, қатарластарының, дос-жарандарының көңіл аударғанын қалайды. Тіпті, жеткен жетістікке анасы мен әкесі үшін немесе сүйгені үшін қол созғандар да баршылық. Сондықтан да болар, еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбектеніп, халықтың игілігіне бар ғұмырын арнаған жандар баршылық.

 

     Алайда олардың көпшілігінің ескерусіз, елеусіз қалып жатқаны да жасырын емес. Өйткені ондай жандардың басым бөлігі істеген жақсылығын дабыралатпауды дұрыс көреді. Осыны жақсы білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде еңбегімен ерекшеленіп көрінген тұлғаларды ұлықтау мақсатында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынуы керектігін ұсынды.
     Алғашында әркім әрқалай түсінген жобаның мақсаты айқын, тірегі терең екендігін жаңа ұғынғандай болды. Сол есімдердің қатарына менің де аты-жөнім кіргені қуантады. Себебі, менің басымдағы жағдай арқылы тағдырдың жазуымен мүгедектіктің зардабын тартқан жандар өмірге деген құлшынысын арттыруы тиіс деп білемін. Шындығында мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамнан, іс-шаралардан, мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалмауы тиіс. Сол үшін олардың жасаған қадамына қолдау көрсету, ықылас білдіру өзін саналы есептейтін әрбір жанға тән қасиет.
     Осыған орай «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы көпшілікке қажетті қадам екендігін баса айтқым келеді. Еліміздің әр тарапында өз еңбегіне сүйеніп, өзгеге алақан жаймаған қаншама азамат бар?! Солардың атқарған әрбір қадамы ескеріліп, мемлекет пен халық тарапынан рухани қолдау көрсетілсе құба-құп. Оған халқымыздың «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген даналығы дәлел.


Елдос БАЯЛЫШБАЕВ,
«Асар» реабилитациялық орталығының директоры.
Талдықорған қаласы.