МҮМКІНДІГІ МОЛ КӨРМЕ

Уақыты: 14.11.2017
Оқылды: 1109

    ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, елімізде ауылшаруашылығы техникасының 80 пайызы ескірген. Бұл өз кезегінде аталмыш саланың қанат жаюына, тың тынысының ашылуына барынша кедергі келтіріп отыр. Осы ретте өңір орталығындағы өндіріс алаңдарының бірінде ауылшаруашылығы техникасы нарығындағы өзекті мәселелер талқыланды.

 
     Шараға ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жасайтын және жеткізетін ірі компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың және қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. 
     Ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Саят Сақмолдинның айтуынша, ауылшаруашылығы техникасының амортизациялық мерзімі орташа алғанда 10-12 жылды құрайды.  Ал қазіргі қолданыстағы техникалардың көбінің қолданылу мерзімі  15 жылдан асып кеткендіктен  өндіріс жағдайында өнімсіз жұмыс істеуде.  Бұл өз кезегінде аграрлы аймақтағы ауылшаруашылығы  саласының қарыштап дамуына айтарлықтай тұсау болып отыр. Біз бүгін осы олқылықтың орнын толтыру үшін жиналып отырмыз, – дейді Саят Сарқытбайұлы.
     Осы ретте, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, аталған кешендегі техникалық жабдықтар деңгейін жақсарту саудаланылатын техника көлемін арттыру арқылы жүзеге асырылмақ. Бұған ауылшаруашылығы машиналарын жасайтын кәсіпорындардың санын арттыру шаралары да септігін тигізбек. 
     Басқосуда сөз алған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Төлебай Меңдоразов қазірде шаруалар тарапынан жаңа техникаға сұраныстың күрт артқанын, оған себеп қарыз алушыға ҚР Ұлттық қор қаражаты есебінен өсімі 5,5 пайыз болатын жеңілдетілген «Агротехника» кредиттік бағдарламасының іске қосылуы екенін тілге тиек етті. 
    Шара соңында отандық өндірушілердің ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарының көрмесі өтіп, «ҚазАгро» ҰБХ акционерлік қоғамының өнім бағдарламалары таныстырылды.
 
Қ. ӘБДІҒАПАР.