Келелі кездесу

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1143

Көксу ауданының Мұқыры ауылындағы, Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектепте «Ұлы Дала академигі» атты келелі кездесу өтті. Өңірге, жалпы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Нұрмолда Алдабергеновті еске алуға арналған жиында мектеп оқушылары өнерлерін ортаға салды.

 Қаншама жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан Мұқыры орта мектебінің құрылғанына 90 жыл толса, Нұрмолда Алдабергеновтің бастамасымен салынған Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектептің қолданысқа берілгеніне биыл 50 жыл болады. Сондай-ақ, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерінің туғанына 110 жылдан асса, ғұмырдан қайтқанына 50 жыл болды. 
Басқосуға облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Амангелді Қасымов, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қанат Есболатов, Көксу ауданы әкімінің орынбасары Нұрдаулет Кененбаев, Көксу ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Елтай Жұмағұлов, Көксу ауданының Құрметті азаматы, ҚР мәдениет қайраткері, Мұқыры халық театрының директоры Нүри Сүлейменов қатысты. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағлан Нұрлыбеков еліне ерен еңбек еткен тұлға жайлы баяндама оқып, өмірбаяны мен адамгершілігі тұрғысында мол мағлұмат берді. Ал Көксу ауданы әкімінің орынбасары Нұрдаулет Сағадиұлы:
– Нұрмолда атамыздың әлеуметтік мәселелерін шешу, экономиканы өрістету, мәдениетті арттыру бойынша қосқан үлесі зор. Ол кісінің бастап кеткен жолы жалғасын табуда. Оның айқын дәлелі –  ауданымыздағы ауылшаруашылық саласының өркендеп, өскендігі. Әсіресе, Елбасының өзі қолдау танытқан қант қызылшасын өсіру көлемі жыл сайын артып келеді. Бізге артылған міндет – сол дара жолды жалғастырып, халық мүддесіне қызмет ету, – деп ауданның экономикалық-әлеуметтік хал-ахуалымен жан-жақты таныстырып өтті. Келесі кезекте Нұрмолда Алдабергеновтің қызы, осы қара шаңырақта талай жыл еңбек еткен мектептің ардагер ұстазы Рабиға Нұрмолдақызы әкесінің асыл қасиеттерін оқушыларға үлгі ретінде айтып берді. Бұдан бөлек дала академигінің көзін көрген шәкірттері, ауыл ақсақалдары көптеген естеліктер айтып, ерен еңбегін паш етті. 
Басқосу барысында мектеп оқушылары мен өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, Нұрмолда Алдабергеновтің  өмірінен  көрініс  көрсетті. Жиналған қонақтар тағылымға толы кездесуден көтеріңкі көңіл-күймен тарқасып, мектеп  ұжымына  алғыстарын  жеткізді.


Мәулен ӘНЕРБАЙ

Көксу ауданы.