Адалдық берік орнағанда қоғамдағы келеңсіз жайттар тыйылады

Уақыты: 20.05.2023
Оқылды: 1169

Адамның көркін бойындағы асыл қасиеттері кіргізе түседі. Тіпті, кісінің кереметтігі мен әмбебаптығы тұла бойын тұтас қамтыған мінез-құлқына тікелей байланысты. Адамдығы асыл жанның бойы биік, ойы терең көрінеді. Осыған орай адамды адам ететін асыл қасиеттерге тоқталуды жөн көрдік.

АДАЛДЫҚ! Адамзаттық өркениеттің тарихына көз салсақ адалдығы асқан елдің туы желбіреп, даңқы ғасырларға кеткенін көреміз. Керісінше болған жағдайда алпауыт мемлекеттердің іргетасы құм секілді үгітіліп, өз-өзінен құрып кетіп отырған. Тұтастай мемлекетті біріктірген асыл қасиет – адалдық адамдардың бойында берік орнағанда қоғамдағы келеңсіз жайттар тыйылып, жақсылыққа қадам басады.

Әдетте адамды бағалаудың негізгі параметріне айналған адалдық – әділдік, шыншылдық, бұлжымау, шынайы берілу сынды игі қасиеттерді біріктіреді. Халқымыз бойында адалдығы басым жан пәктік, ар-ождан, жан тазалығы секілді басқа да асыл қасиеттерге ие екенін ұқтырған. Қалам тартқан қазақтың бір тоқтамай өтпейтін ғұламасы Абай Құнанбайұлы: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың» десе, небары 30 жыл ғұмыр кешіп, артына өлшеусіз еңбек қалдырған әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов: «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», – деп ой түйеді.

Ғасырлар бойы тіршіліктің тынысын танып, төрт түлік малдың соңында өмір өткізгендей көрінетін халқымыз: «Адалдың аты арып, тоны тозбайды» деген мақалымен көптеген жайттан хабар береді. Ұлы Далаға келген Ислам діні әділдікті, адалдықты, туралықты ту еткен халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерін ұштап, кем-кетігін толтыра түскенін осы күні біліп жүрміз.

Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың атақты сахабасы, әділдігімен, адалдығымен аты шыққан халифа Омар (р.а.) бірде халқына мемлекет қазынасынан мата таратады. Сонда әркімге бір көйлектік үлес тиеді. Ертеңінде елдің алдына шығып сөйлемек болған Омарға (р.а) бір сахаба: «Ей, Омар! Біздің алдымызда сөйлеуге хақың жоқ. Себебі, кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ, сол мата киім тігуге жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік!», – деген екен. Сонда үнсіз қалған Омарға баласы Абдулла араша түсіп: «Әкем кеше маған әрі өзіне екі мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған жетпеді. Мен әкеме: «Сен елдің алдына жиі шығасың. Мынау жыртық, жамау киіміңмен жүргенің ұят болар», – деп өз матамды берген едім. Сөйткен әкем екі үлестен бір киім тігіп киіп, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – депті. Оны естіген әлгі сахаба: «Енді сөйлей берсең болады» деп рұқсат еткен көрінеді. Осынау оқиға ел билеген Омардың әділдігін, адалдығын, кішіпейілдігін, сабырлылығын, жаратқан Алладан қаншалықты қорқатынын, жауапкершілігін көрсетсе керек. Халқымыздың артынан ерген ұрпағына «адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» үйретуінің сыры осында жатыр. Дана Абайдың «Құдайдан қорық, адамнан ұял» деген де осы ойымызды салмақтай түседі.

Тағы бірде халифа Омар (р.а) өзіне кеш кіре шағымдана келген адамнан: «Айтқалы тұрғаның мемлекеттің мәселесі ме, әлде жеке басыңның жайы ма?», – деп сұрапты. Әлгі өз жұмысымен жүргенін айтқан соң бір балауыз шамды өшіріп, екіншісін жағыпты. Оқиғаның мән-жайын жеткізіп, шешімін естіген адам соңында: «Жаңа бір шамды өшіріп, екіншісін жаққаныңыз не? Соны түсіндіріп бересіз бе?» – деп сұрайды. Сонда Омар (р.а): «Сен келгенде жанып тұрған балауыз мемлекеттің қазынасынан алынған еді, мына шам менің өз меншігім. Сенің қозғағаның жеке бастың мәселесі болғандықтан мемлекеттің мүлкін ысырап етуден сақтандым», – деп жауап берген екен. Міне, күллі әлемге Ислам дінінің құндылығын таратқан басшының өз ісіне адалдығы осылай көрініс тапқан.

Шынында бүгінгі қоғамға осындай адалдық, жанашырлық, қамқорлық жетіспейді. Егер әркім өзін осындай адамдық деңгейіне шығара алса дүйім жұртты алаңдатқан сыбайлас жемқорлық, парақорлық сынды жағымсыз әрекеттер күрт тыйылар еді. Әрбір саланың жұмысында өрлеу, өркендеу жүргенін қаласақ жұмыскерлердің бойындағы адалдығын ұштау керек-ақ. Мысалы, мемлекеттің тыныштығын күзетуді мақсат еткен жауынгер кезекшілігін адал атқармаса шекара бұзушылар ойына келгенін істейтіні анық. Дәл сол секілді Гиппократ антына адалдық танытпаған дәрігер науқастың өмірі үзіліп кетуіне ықпал ететіні жасырын емес. Бір-біріне байланысы бар бұл өмірде қарапайым қарым-қатынаспен селбесіп өмір сүргенде ғана жақсылыққа қол жеткізуге болады. Сол сияқты Отанға, туған жерге, мемлекетке адалдық – отбасына адалдықтан басталады. Отбасыға, бала-шағаға, ағайын-туысқа, бауырға адалдық таныту арадағы құрметті, ықылас-пейілді арттырады. Осыдан барып, адамның өз-өзіне адалдығы қалыптасып, өзгелерге деген жанашырлығы оянады. Әркім өзі таңдаған мамандығына адал болып, түскен жолынан таймаса жетістікке жетері анық. Онда еліміздің барлық саласы дамып шыға келеді. Керісінше болған жағдайда тоқырауға түскен мемлекетке тұрақтылығынан айырылып қалу қаупі басым түседі. Мысалы, қоғамдық тәртіпті қадағалауы тиіс полиция, прокуратура, сот, ҰҚК, әділет, салық, кеден салаларының мамандары ҚР заңдарына адалдық танытпаса, әділетсіздік белең алады. Төле биден қалған: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз осыны меңзесе керек.

Қазір елімізде жас отбасылардың ажырасуы белең алып, жаңа көтерген шаңырақтардың ортасына түсіп жатқаны жасырын емес. Тіпті, жылына мыңдаған ерлі-зайыпты қайта қосылмастай кетісіп, ержетіп қалған ұл мен қызын жетімдікке тірідей түсіріп жатқаны ащы да болса шындық. Ондай келеңсіздіктің басты себебі ­– заңды жолмен қиылған некеге адалдық танытпау, берілген уәдеге тұрмау. Себебі адал некенің өзі екі жастың арасындағы келісімнен өзек алады. Сол келісім бұзылған жерде отбасының керегесі құлап, шаңырағы ортаға түседі. Ондайға жол берген еркектің баласы жылап, әйелі тентіреп қалады.

Бүгінгі күннің басты талабының бірі – мол табыс табу екендігі белгілі. Бірақ сол табыс адалдық жолымен табылмаса үйден береке қашып, отбасына жақсылық келмейді. Осыны ескермеген кейбір саланың мамандары үй ішінде орын алған бақытсыздықтың бастауына өздері әкелген арам ақша себеп болғанын мойындағысы келмейді. Соның кесірінен пара алу, ауызбастырық еншілеу, сыбайлас жемқорлыққа жол беру белең алады. Оны болдырмау әркімнің қолында.

Ендеше, әрқайсымыз адалдыққа берік болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосайық! Сонда ғана өсіріп отырған ұл-қызымыз жамандықтан алшақ жүріп, жақсылыққа қол жеткізеді. Басымызға бәле-жала келмейді, жамандық сырт айналып өтеді.

Мәди Алжанбай
Фото: ашық дереккөзден