ЖАСТАР ШЕТ ЕЛГЕ НЕГЕ ҚҰМАР?

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 1718

Білім көкжиегінде еркін жүзіп, өз пікірін қалыптастырып, бір істі үйренген жастың елімізде тұрақ таппай, орныға алмай шет елге кететініне жиі куә боламыз. Қанша тұсап ұстағымыз келгенімен оларды қолдайтын да, ойындағысын жүзеге асырып бере алатын да дәл қазір мүмкіндігіміз шектеулі. Бір жастың ақылындағы 1 істі жарқыратып көрсетуге келгенде шабанбыз, ал оны шет ел бағалап, биікке көтергенде кеудені кере мақтанғануға жүйрікпіз.  

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2021 жылы елден 32 209 адам шет елге көшкен. Жалпы кейінгі 10 жылда 360 мың адам қоныс аударған. Бұл есеп жыл санап өзгеріп, өсіп келеді. Қоғамның негізгі даму күші – жастар. Ал ғаламтор арқылы бәрін біліп, үйренген жастардың аңсары – шет ел. Өзіміздің елде жастарды қолдауға арналған түрлі жоба қарастырылып, шара ұйымдастырылып жатса да білікті, білімді жастардың кей легін уыстан шығарып алдық. Оны мойындауымыз керек.

Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова:

«Қазақстандықтардың шет елге кету себебін үш факторға бөліп қарастырамыз. Олар: саяси, әлеуметтік және экономикалық факторлар. Саяси факторға өз еркіндігі, сөз бостандығының жоқтығы, мемлекет жүйесіндегі жастардың өзін-өзі дамытуға тежеу болатыны, жұмыс бағытындағы аз жалақы алу себебі жатады. Көбінесе жастардың шетелге көшуі саяси факторға байланысты. Ал, орта жастағы адамдарды алатын болсақ, көбіне тұрмыс жағдайын реттеу үшін қоныс аударады» дейді.

Бүгінде жұмыс іздеп, күнкөріс қамымен шет елге кетіп жатқан жастар қаншама? Биыл көктемде Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайынан заңсыз өтіп кеткен 2002 және 2005 жылы дүниеге келген 2 қазақтың ісі әлі де қаралып жатыр. Екеуі де кінәсін мойындап, туған елде қалған отбасын асырау үшін жұмыс іздеп келгенін жасырмады. Әдетте білімнің жетектеуімен келетін жастар қара жұмыс үшін де шекара асатын болған. Өз есімін атамауды өтінген азамат елдегі жалақының аздығы, жастарға деген қолдаудың әлсіздігін алға тартты. Әркім өз елінде балқып-шалқып жүргісі, ел алдында жарқырап көрінгісі келеді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, жастар жанашыры Нұрлан Өтешов:

«Меніңше, жастардың шетелге шыққаны дұрыс. Кейбіреулері бірнеше жылға қалып та жатады. Бірақ кейіннен қазақы қан тартып, ел көріп, жер көріп, тәжірибе жинаған соң міндетті түрде қайтып келеді. Жастар сыртқа шыққанда дамыған елдердің кәсіптеріне бейімделеді. Бұл дүниежүзілік бәсекелестіктің дамуында елге пайдасын тигізері сөзсіз. Сондықтан шетелге кетіп жатқан жастардан қорықпау керек. Тағы бір мысал айтайын, біздің өзбек ағайындарға қарап кезінде сыртынан тәуір күлгенбіз, сөз еткенбіз. Алайда өзбек ағайындар Қазақстанның, Ресейдің, шет елдің үй салу әдістерін үйреніп, заманауи кәсіптен орасан зор тәжірибе жинап, елдегі құрылыс саласын дамытып отыр. Міне, шетелге шыққаның негізгі пайдасы да осы», – деген пікірді айтты.

Шет елді таңдайтындардың негізгі іздеп баратыны – білім; жұмыс және болашақ.

Білім. «Болашақты» былай қойғанда, басқа да неше түрлі бағдарламамен білім алуға жиналғандар көп. Елімізде орта білім жаман емес дейтіндердің өзі ЖОО деңгейіне көңілі толмайды. Саусақпен санарлық университет кімге жетеді? Жалпы білім, технология саласында Американың бәсі жоғары екені белгілі. Әлемнің үздік университеттерінің басым бөлігі сонда орналасқан. Сапалы білім жақсы өмірге жолдама. Мықтылардың ортасында бәсекеге түсіп шыңдалуды, тәжірибе жинауды кім қаламасын?! 

Жұмыс. Өз біліміне жоғары баға бере алатын нарықта өздерін саудалағысы келеді. Мысалы, сіз электромашина құрастырғыңыз келсе, біздің елде ол мүмкін бе? Жауабын өзіңіз білесіз. Мүмкін десеңіз де, қиындау. Ал дамыған елдерде оны жүзеге асыруға жағдай жасалған. Білімі асып тұрмаса да, уақыты мен күшін шетелде қара жұмысқа арнау арқылы қарыз-несиесін жауып, тұрмысын жақсартқысы келетін азаматтар да осы санатта.  

Болашақ. Теңдік орнаған, әлеуметтік саты жақсы жұмыс істейтін меритократиялық қоғамда өмір сүргісі келетіндер – жастар. Жағымпаздық, таныс-тамырлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесі әлі де өзекті. Біздің қоғамның кем-кетігіне өзі көз жұмғанмен, балаларының болашағына алаңдап, олар жаңа қоғамда өмір сүрсін дейтіндер жетерлік.  

Иә, жастар шетелге кетуге ықтияр. Бұл әркімнің жеке таңдауы. Дегенмен, «өзге елде ұлтан болғанша, өз елінде сұлтан болуды» үйретіп, оған жағдай жасап, қолдау көрсетіп, барды беріп, болашаққа  дұрыс нұсқауымыз қажет.

Қорытынды жасар тұста журналист Жанайдар Болатбекұлының  «Бізді алаңдататыны – елден кететіндердің саны жыл сайын артуында. Оның ішінде білімді жастардың кетіп жатқаны қоғамымыздың әр саласына жаңашылдық пен өзгерістің керек екенін көрсетеді. Дей тұрғанмен, ел ішін қанша жемқорлық, жағымпаздық пен таныс-тамырлық жайласа да, біздің Отанымыз біреу екенін және оның егесі сіз бен біз екенін ұмытпауымыз керек. Біз мұнымен ел саясатын сынап, барымызды жоққа шығарудан аулақпыз. Кім қайда кеткісі келсе де, бүгінгідей шекаралар ашық, ақпараттық технология қарыштап дамыған жаңа дәуірде ешкімнің жолына тосқауыл бола алмайсыз. Азаматтарымызды ұстап қалғымыз келсе, ең әуелі елде әлеуметтік әділдік пен заңның үстемдігі салтанат құруға тиіс. Бәлкім, жастардың кеудесіндегі патриотизмнің алғышарты осы болар», – деген пікірімен түйіндейміз.  

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Сурет ғаламтордан алынды