Жол мәселесі бақылауда

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1049

Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың төрағалығымен қысқы кезеңде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау дайындығы туралы жиын өтті.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары: Аумақта қысқы көмек көрсетуге 6138,6 шақырым облыстық маңызы бар жолдар бар. Оның 250 шақырымы қармен жабылып қалатын аса қауіпті аймақ. Бүгін осы бағыт бойынша қысқа дайындық жұмысын талқылайтын боламыз, – деді.
Осыдан кейін жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев сөз алып: «Қысқы кезеңде қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында арнайы шаралар өткіздік. Сонымен қатар қазан айында жергілікті полициямен және төтенше жағдайлар департаментімен бірігіп әр ауданға шығып, қысқы жол жұмыстарының техникалық дайындығы бойынша арнайы тексеру жүргізіп, нұсқаулар бердік», – дей келе қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бақылауында екенін және аса қауіпті жолдар мердігер мекемелермен уақытында және сапалы жүргізілетінін айтты.
182 шақырым  қар басу қауіпі жоғары жерлер басқарманың үнемі бақылауында. Олар Ақсу, Алакөл, Сарқан, Кербұлақ, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Ескелді, Көксу аудандарында. Жиында әр ауданның жауапты мамандары сөз алып жұмыс қарқынын айтып, шешілмей қалған бірқатар өзекті мәселелерді де талқылады. 
Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Дарын Байсариев баяндама жасады. «Біздің жұмысымызға тоқталсақ, қысқы техникалардың барлығы дайын. Бірақ Кербұлақ ауданындағы жолға көңіл бөлінсе. Өйткені былтыр бір ғана ауданнан 182 адамды құтқардық. Ол жерге жылу пункттері қойылса. Сонымен қатар рация мен ұялы байланыс орнату керек. Ең бастысы республикалық жолдарды бақылау. Ондағы жылу пункттері талапқа сай емес», – деді. 
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Естебекұлы мамандарға әр ауданды жіті бақылауда ұстап, техникалардың сақадай сай тұру керектігін айтты. Және комиссия мүшесімен аса қауіпті жолдарды арнайы тексеретіндігін тілге тиек етіп, бірқатар тапсырмалар берді.

Айдар ҚАЛИЕВ​.