"Зомби орман": ШҚО-да орманда ілініп тұрған қуыршақтар көпшілік талқысына түсті

Уақыты: 14.06.2023
Оқылды: 772

Өңірдің бірқатар тұрғыны желіде қызу талқыланған қуыршақтарды әлдебір мекеменің жоспарлы әрекеті десе, енді бірі осыдан кейін балалардың психикасы бұзылуы мүмкін дегенді алға тартты.

Қызығы сол, көп тұрғын мұны көргенде үрейленбеді. Былтыр тамыз айының соңында Лесхоз ауданындағы бақшалардың бірінде қансырап, ағаштарға ілінген мүсіндер жұрттың қорқынышын туғызған еді. Василий Железнов есімді тұрғынның ойынша, мұндай еліктеушіліктер балалардың жүйке жүйесін бұзады. Әйткенмен қалалықтардың көбі мұны бүлдіршіндердің көңіл көтеруі үшін ойластырылған деді.

"Бұл "Зомби орман" ғой. Балаларды үлкен автобусқа отырғызып, сол аумақта қыдыртады. Олар үшін бұл өте қызық. Жарнаманы жақсы әзірлепті", – деді Анар Мәдиева есімді тұрғын.

Желіде тараған сурет Глубокое ауданына қарасты Тарханка ауылындағы орманда түсірілген. Тұрғындар сөзіне сүйенсек, мұны "Восток-тур-драйв" туристік компаниясы ұйымдастырды. Балалар демалысын қызықты әрі тосын етіп өткізуді басшылыққа алған.

"Мұның бәрі жоспарлы әрекет. Көлікпен келе жатқанда кенеттен "зомбилер" шабуылдап, зәрені алады. Ал қуыршақтар барынша үрейлі болу үшін ағаштарға әдейі ілінген", – деді Арина есімді желі қолданушысы.

ШҚО Полиция департаменті өкілдері аталған жағдай бойынша қандай да бір өтініш-сауалдар түспегенін жеткізді.

 Massaget.kz