"Күніне 5 мың теңге, кейде 15 мың теңге табамын": Жалданып жұмыс істеу дұрыс па?

Уақыты: 15.06.2023
Оқылды: 867

Нарықтық заманда қарап жатуға болмайды. Ебін тауып еңбек етіп, нәпақа табу керек. «Есектің артын жусаң да мал тап»  деген бар. Көп замандас екі қолға бір күрек таппай әлек болуда. Жұмыс жоқ емес, бар, тек екі иінге аяқ тіреп, желкеге мінген жалқаулық мұрша бермейді. Көптің айтары – «айлық аз». Осы сылтауды тұрмысқа арқау еткен құрбы-құрдасты көз көріп жүр. Есесіне бір емес, бірнеше жұмыс істеп, тұрмысымды түзеймін, отбасымды асыраймын деген ниетпен жүргендер де жетерлік.

Солардың қатарында Серікбол Сейітхан да бар. 24 жасар Талдықорған қаласының тұрғыны сауда-саттықпен айналысатын фирмадан нәпақа тауып жүр. Қолы босай қалса жалдамалы жұмыс іздейді. Оның сөзінше, тап қазір «аспанға қарап, жұлдызды санап» уақыт өткізер кез емес.

– Жұмыс уақыты әртүрлі. Таңғы жеті жарымда басталып, түнделетіп аяқталады. Жоспарды орындасаң, боссың. Сол уақытта қосымша жұмыс істеймін. Сауда фирмасында тапқаным жетпейді. Амалсыз жалдамалы жұмыскер болуға тура келеді. Мұнда да табыс әркелкі. Істеген шаруаңа қарай күніне 5 мың теңге, кейде 15 мың теңге табамын. Әр азамат отбасын асырауы керек. Қара жұмыс істейтініме еш өкінген емеспін, – дейді Серікбол Сейітхан. 

Кейіпкеріміз жұмыс таңдамайды екен. Жүк түсіреді, кейде бақша аударып, топырақ қопсытады. Тіпті, ескі үйді бұзады. Мұндай жұмыстарды істетіп, еңбекақыны дұрыс бермейтіндер де бар. Бейнетті көрсе де ақша жырып қалуға дағдыланған. Серікбол отбасымен пәтерде тұрады. Соған қарамастан кейде волонтер болуды да жат көрмейді. Қатарластарымен бірлесіп жалғызілікті қарттардың үй шаруасына да көмектесіп тұрады.

Келесі кейіпкеріміз Темірлан Дәулетұлы  Талдықорған қаласында жалданып жұмыс істейді. Студент болса да қолы қалт еткенде біркүндік жұмысқа жалданып, нәпақа табады. 20 жастағы жерлесіміз кей адамдар істеген жұмыстың ақысын бермей әбігерге салатынын алға тартты.

– Мені баласынады-ау. Маңдай терімізді ағызып жұмыс істесек те ақымызды бермей қояды. Өз басым осындай әділетсіздікке жиі ұшыраймын. Бірде жаңа қонысқа келіп жатқан отбасыға жалдандым. Пәтер 9-қабатта. Келісілгені – 10 мың теңге. Не керек, көліктен жүктерді арқалап, пәтерге дейін кіргізіп бердім. Жиһаздардың жеңіл емесін білеміз ғой. Бірақ, жүктері пәтерге толықтай кірген соң үстелді сындырдың, жиһаздың сыртын сырдың деп сылтауратып, қолыма 5 мың теңге ұстатты. Дауласа кеткем, полицияға шағымданатынымды айттым. Әйел адаммен қалай даурығыса беремін?! Жөніме кеттім. Құқық қорғаушыларға барғанымда жігіттігімді алдыма тартып, келісімшарттың жоқтығын айтып шығарып салды. Бұл – бір ғана мысал, – деді Темірлан Дәулетұлы.

Сөз соңында біркүндік жұмыспен отбасын асырап жүргендер де бар. Оны кейіпкерлермен тілдесу барысында аңғардық. Мұндай азаматтар «жұмыс жоқ, айлық аз» деп сылтаурататын азаматтарға үлгі болуы керек. Бірақ, жалданып жұмыс істейтіндердің нәпақасын жейтіндердің бары қынжылтады.

Меруерт ДӘУРЕНҚЫЗЫ,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ студенті

Сурет ғаламтордан алынды