Көшеңіз қалай, Талдықорған?

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 782

Қазақтың бағына біткен қайраткерлерді құрметтеу – қарапайым нәрседен басталатынын байқамай қалытынмыз несі дейміз. Кейде кейіп, кейде ренжіп: атымыз халық болғасын.

Көлікпен жүреміз кейде ұшып-қонып. Көрмейін десең көз бергесін көп дүние шалындады бақсаң. Оны айтпасаң, кетік ыдыстай көзге қораш, көңілге тағы салмақ болмақ. Сол себепті де ұялы телефонға ілінгенді енді «түрте» жүрмекпіз. (кем-кетікті көрсеңіз, сіз де «іле» жүріңіз. Біз жариялауға дайынбыз – ред.)

Мәселен, Талдықорған қаласындағы ұлт ардақтысы болған Қонаевқа берілген көшеге назар аударсақ (жоғардағы коллажға назар аударыңыз). Жұмахан Балапанов көшесімен қиылысындағы тақтайша сынып, жазудың сәнін кетіріп-ақ тұр. Ұсақ та болса реттелетін кемшілік бұл. Тіпті, бұл журналистер отыратын қызметтік нысанның жанындағы бағдаршам. Әрі беріден соң. Таяқтың бір ұшы айтпасақ бізге тиеді деген сөз.

Осыған ұқсас жағдай қаланың орталығында да бар. Айталық, Ақын Сара мен Төлебев көшесіндегі тақтайшаны алайық (жоғардағы коллажға назар аударыңыз). Бояуы оңғанынан «күтім» деген сөзді күбірлеп өтесің қасынан. Жаңалап жібірсе, «ескіліктің» елесі де қалмайтын еді дейсіз.

Ал Алдабергенов пен Жамбыл Жабаев көшесі қиылысындағы мына үйдегі белгі де көзге оғаш көрінеді (жоғардағы коллажға назар аударыңыз). Сынып жартысы ғана қалған жазудың арғы жағынан ескі тақтайшаны да көруге болады. Мұндай мысал да көп. Әзірге бір парасын ғана «парақтадық».

Естеріңізде болса 2021 жылы Талдықорған жоғары медициналық колледжінің алдындағы жаяу жүргіншіден үш қызды көлік қағып кеткен болатын. Артыншы бұл жерге бағдаршам орнатты. Оған халық қуанды.

Ал қазір қарасаңыз, бұл  бағдаршам Жансүгіров көшесіне емес, Назарбаев көшесіндегі  тұрғындар «Мебельный» атап кеткен нүктеге көбірек керек секілді. Өйткені жаяу жүргіншілердің мейлінше көп болуынан күн сайын кептеліс пайда болады.

«Тырнақ астына кір іздеу» дейтін кіршең пиғыл ойымызда жоқ. Тек өзіміз тұрып жатқан қаладағы осындай кішігірім жайттар жойылып отырса, үлкен олқылықтардың алдын аламыз деген ой болатын.

Мәулен Әнербай

Редакциядан: Журналист көтерген көшедегі кемшіліктерге қатысты жауапты мекемелерден ресми ақпарат күтеміз. Жауап беру аралығы заңда көзделген мерзімнен кешікпеуі тиіс.