Ата заңның мәні

Уақыты: 30.08.2018
Оқылды: 985

Бірқатар қиындықтарды еңсеріп, біз бүгінгі таңда мызғымас мемлекет пен айбары асқан қуатты ұлтқа, «Мәңгілік ел» деп қадам басқан табысты елге айналдық. Қазіргі таңда ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, жүрегіміз бірге соғып, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Әрбір азаматы өзін тең сезініп, емін-еркін жайдары өмір сүретін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды.
Мұның өзі біздің Ата заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын дәлелдейді. Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Ата заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді. Ата заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.
Барлық қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтай отырып, әрбір  шаңыраққа шырайлы шаттық, бақ-береке, қазыналы қуаныш, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Әрқашан болашағымыз баянды, келешегіміз кемел әрі еліміз еңселі, жастарымыз көшелі болсын!

Асқар Мұстабеков,
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Радиоэлектроника
және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, полковник