ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ ӨЗ ҚОЛЫҢЫЗДА

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2425

Отбасын құрмаған таныстарыңыздан «Қашан әйел ала­сың?» немесе «Тұр­мысқа қашан шығасың?» дей қалсаңыз олар бірден: «Нормальный адам жоқ», – деп жауап береді. Бұл пікір соңғы уақыт­та­ры біздің елді ға­на емес, әлемді жайлаған күрмеуі қиын мә­се­ленің біріне айналуда. Міне, қызық­тың көкесі осы тұстан бастау алайын деп тұр­ғаны айдан анық. Олай болса, күн санап қа­тар­ды кө­бей­тіп келе жатқан сүрбой­дақ­тар ту­ралы әңгіме қоз­ғайық.

 

«ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БО­ЛУ ҚИЫН»,– деген сөз сүр­бой­дақтарды шошытатын сияқты. Себебі, олардан осы күнге дейін неге шаңырақ көтермегенін сұ­рай қалсаңыз осы тәмсілді ай­тып шыға келеді. Әсіресе, жі­гіт­тер жағы осыған жақын. Шы­ны ке­рек, жігіттердің басым көп­ші­лігі үй алып, материалдық жағ­дайын реттегенше орда бұ­зар жасқа келгендерін өздері де бай­­қамай қалады. Біздің ба­ба­лар «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» де­генді де тауып айтқан. Пси­хо­лог­тардың пікіріне сүйенсек, шаңырақ құрмай жүргендердің негізгі себебі – отбасылық жауап­­кершіліктен қашу. Яғни, үйлену, балалы болу, отбасын асырау сынды жауапты іске мойынсұнғысы келмейтін кө­рі­неді. Мұның барлығы да бала­ны кішкентай күнінен ата-ана­лары «болашақта жақсы отаға­сы, отанасы боласың», – деп үй­ретпегеннен. Есесіне: «жақсы жұ­мыс жаса, көп ақша тап, қым­бат көлік ал, зәулім үй сал», –  деп ақыл айтушылар саны артып келеді. Қысқасы, мате­риалдық жағдайды бірінші ке­зек­ке қоятын болып алдық. өкі­нішті-ақ.

«Ай-хай 25», – деп ауыз жи­ғанша отыздың ордасына бір-ақ шыққанын білмей қалған соқа басы сопайғандардың қарасы көбеймесе кемитін емес. Ма­ман­дардың айтуынша, жалқы өмір сүріп жатқандардың көбі әйел алып, бала сүюді «аяққа тұсау салу әрі мойынға қамыт ілу» деп санайтын көрінеді. Бү­гінде берісі отыздан асып, әрі­сі елуді еңсерген жігіт аға­лары қаперіне, ұлт сабақ­тас­ты­ғын былай қойғанда, өзіне де ұрпақ жалғастыру парыз екенін ес­кер­мейтін секілді. Еліміздің бас де­мографы ћәм санақшысы, мар­құм Мақаш Тәтімов өзінің бір сұхбатында:  Бұл – үрейлі үрдіс. Оған басты се­беп – біздің демо­гра­фиялық мі­нез-құлқымыздың батыс­тануы. Ал Батыстың де­мо­графиялық мінез-құлқы деге­ні­міз – кеш күйеуге тию мен кеш үйлену. Яғ­ни, отау тігіп, бала сүюге асық­пау» – деген еді. Міне, ба­тыстың әлем-жәлем киім-ке­ше­гі емес, енді бізге мі­нез-құл­қы да бойымызға сіңіп бара жат­қаны осындай әрекет­тер­ден бай­­қалады. үш қайнасақ та сор­памыз қосылмайтын өзге елдің қаңсығын таңсық қылып жүр­геніміз ұлтымыздың маң­дайына жағылған қара күйе емей не­мене? Бұл – жүрегі ұл­тым деп соққан әрқайсымыз үшін сана­мен салмақтайтын дү­ние. Са­на­лы ғұмырын елі­міз­дің дем­о­гра­фиясына арнаған де­мо­граф ға­лым осылай деді. Ал бұ­ған бой­дақтар не дер екен деген оймен олардың да пікірін білген едік.

Ақсезім ЖОЛДЫБАЕВА     (35 жаста):

– Жігіттер жасы үлкен қыз­дарды емес, кеше оқу бітір­ген бойжеткендерді таңдайды. Мен 25 жасымда тұрмысқа шыққым келген. Мансап құрып, тапқан табысымды ата-анама беріп көмектестім. Ал 25 пен 30-дың арасындағы уақыттың қалай өтіп кеткенін білмеймін. Көзді ашып-жұмғанша зулаған уақытты да байқамай қалдым. Жас келген сайын жігіттерге деген сенім азаятын сияқты. Сөз салған жігіттер алдап ке­те ме деген қорқыныш ба­сым. Тіпті,олардың біразы менің же­ке басыма емес қызметіме, табысыма қызығатын сияқты көрінді. Соларды саралап жүріп 35-ке келіп қалдым. Ешқашан жігіттің түріне қараған емес­пін. «Сүйген сұлу» деген түсінік менде. Ал қазір тұрмысқа шық­қым келсе де мүмкіндік өте аз. Се­бебі, менің қатарымдағы ба­сы бос жігіт жоқ. Бар, бірақ олар ажырасқан. Ал мен жа­рым­ның өзім секілді бұрын отау құрмағанын қалаймын.

 

Мақсат ЖАСЫН

(32 жаста):

– Жасың 25-тен асқан соң қыздарға деген көзқарас, қоя­тын талап та көбейіп кетеді екен. Бұл жаста ер-азаматтар өз киімін өзі жуып, тамақты да жасай алады. Сондықтан да, ер жігіт әйелден ерекше қа­сиет іздейді. Оның ішінде иман­дылық, үйдің берекесін кіргі­зе­тін пысықтығы, ер-азаматпен ойы бір жерден шыға ма деген секілді мәселелер бірінші орын­да тұратын болады. Осы күнге дейін отау құрмағанымның екі се­бебі бар. Біріншісі – өз идеа­лым­дағы аруды жо­лық­тыр­ма­дым және материалдық жағ­дайды реттеу болды. «За­ма­ны­на қарай адамы» демекші, қыз­дардың да жігітке қояр та­ла­бы жоғары. Жеке үйің, тұ­рақ­ты жұмысың, табысың, кө­лі­гің, тіпті, үстіңе ілген киіміңе дейін қарайтын және мән бере­тін қыздар бар. үміт жібім әлі де үзілген жоқ. Жақсы жар кездеседі деген ойдамын.

Гүлнұр НұРСАҒИТ

(34 жаста):

– Студент кезде, оқу бітір­ген соң пәтерден пәтерге кө­шіп, әбден шаршадым. Осы қиыншылықты өзім ғана көр­сем деп тынбай жұмыс істеп, осы жасқа келдім. Шыны керек не алған баспана жоқ, не тиген күйеу жоқ. Қазір жалғыз басым ғана. өте қиын. Жоғары білі­мім, жақсы қызметім болса да жігіттер үшін мен кәрі қыз­бын. Сөз салған еркек тоқал не­месе көңілдес болуға шақырады. Әрбір қыздың арманы – бала сүйіп, сүйікті жарын күнде үйі­нің төрінен көру. Мойын­дай­мын, қазір күйеуге тию туралы үмі­тім азайды. Сол үшін де қар­тайып кетпей тұрғанда өзім үшін бала туып алсам деген ойым бар. Жас кезіңде неге үй­лен­бедің дегендерге ай­та­рым – егер сондай мүмкіндік болса, осы­лай жалғыз жүрмес едім ғой.

Міне, сүрбойдақтар тізіміне енгендердің пікірі осындай. Жал­пы, бұл жерде ешқандай да сылтау жоқ. Тоқсан ауыз сөздің то­бықтай түйіні материалдық жағ­­дайға келіп тірелетініне та­ғы да көз жеткіздік. Зәулім үй, қым­бат көлік, жақсы қызмет, та­быс­ты қаражат дегеніңіздің бар­лы­ғы­на бір өзіңіз емес отба­сы­лы бо­лып, жарыңызбен қол ұс­тасып та соның барлығына же­туге бо­ла­тынын ұмытпа­ғай­сыз.

 «ОН үШТЕ – ОТАУ ИЕСІ» – де­генді естіген бүгінгілерге бұл аңыз іспеттес. Кешегінің баласы он үште отау тігіп, ақса­қал­дар мен билердің алдына шы­ғып, сөз сөйлеп, даналығын дәлелдесе, бүгінгінің баласы ал­ты сағат бойы айфоннан бас көтерер емес. Айырмашылық­тың өзі жер мен көктей. Оларды салыстырудың өзі қорқы­ныш­ты.  Біраз жүрексінетініміз де жа­сырын емес. Шынтуайтына кел­сек, мұның барлығы да қазақ да­ласында, қазақ отбасында бір кездері болған. Қазір барлығын тас­жүрек қоғамға, күнде мың құ­былатын заманға сілтей сала­тынды шығарып алдық. Ең оңай жолын дөп тапқандаймыз. Осы тақырыпта зерттеу барысында мынадай қағытпа қалжың өлеңді көзіміз шалып қалды. 

үйленгім келді отыз бес жаста,

Әке-шешемнің ойы бір басқа.

«үй-жайыңды реттеп ал, содан соң үйлен,

Әлі саған ерте» – деп түртеді бүйірден».

Әке-шешесінің «Әлі саған ер­тесі» бітпей, ақырында баласы­ның қартайып, «үйленейін де­сем сексен бес жаста, енді маған кім тиеді кемпірден басқа…» деп налуымен аяқталады бұл өлең. Әзіл десек те, астарында зіл жатқаны анық. Біз осы әннің мәнін, мағынасын ұғып жүрміз бе осы? Бұрындары баласы ер­же­тісімен аяқтандыруға асы­ға­тын әке-шеше немеренің ғана емес, шөберенің қолынан су ішкісі келетін ұлы үрдісті берік ұс­танатын. Бүгінде он үште еш­кімнің отау тікпесі анық, ол заң­ға да қайшы. Қателікті осы ара­дан іздегеніміз жөн болар. Оны ары қойғанда берідегі яғни, жиырмадан асқан баласын да аяқтандыруға асығып тұрған ата-ананы көрмейміз. Керісінше, баласының бауырында еркелеп жүре тұрғанын қалайды. Сора­қысы да – сол!

 

Ғалымдар адамдарды зерттеу барысында отбасы құрмай жалғыз өмір сүру – темекі тар­тып, арақ ішу секілді зиянды әдетке апарады, сондай-ақ жалғызбастылар ұзақ жа­самайды де­ген қорытындыға келген. Десе де мұндай қорытынды сөз, тіпті, өмір ағысы да еліміздегі сүрбой­дақтардың ерте үй­ленуіне түрткі болмай отыр. Бәрінің айтары «нормальный адам жоқ» деген бір ауыз сөз. Осыны жалау еткен жастар ер­теңін тек есеппен ғана ойлайтындай көрінеді. Осы тұста «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды», – деп айтатын, жөн сілтер, түзу жол көрсетер үлкендер жетіспей тұр­ған­дай көрінеді біздің бүгінгі қоғамға.

 

Біртүйер

 

Атың жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

Қызың жақсы болса,

Жайқалып өскен құрағы.

Әйелің жақсы болса,

Бірінші – иманың,

Екінші – жиғаның,

үшінші – ырысыңның

               тұрағы.

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА.