Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

«ТУРИЗМ – 2019»: ТАРТЫСТЫ ЖАРЫС

Уақыты: 15.07.2019
Оқылды: 182
Бөлім: ӘРТҮРЛІ

Ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық туризмді дамыту, ұжымдар арасындағы достықты нығайту мақсатында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Туризм – 2019» жарысы өтті.

Тамаша табиғат аясында үш күнге созылған аталмыш шараға кәсіподақтың аудандық, қалалық филиалдары мен білім мекемелерінен 10 команда қатысты. 
Жарыстың алғашқы күнінде қатысушылар Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылындағы «Балдырған» лагерінің аумағына орналасып, шатырларын тікті. Келесі күні жарыстың ресми ашылу салтанаты өтіп, онда облыстық білім басқармасы, облыстық туризм және облыстық кәсіподақ орталығының өкілдері қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Табиғат аясында өткен жарыста командалар түрлі кедергілерді бағындырып, картамен жұмыс жасап,  от жағу, компас бағыттау, шатыр тігу, шатқалдарға арқанмен өрмелеп шығу, жараланған спортшыларға шұғыл медициналық көмек көрсету сияқты сындардан өтіп, шеберліктерін танытты. 
Кешке қарай   әр топтан сайдың тасындай іріктелген  жігіттер қазақ күресінен белдесуге шығып, «Кәсіподақ барысы» атағын сарапқа салды. Тартысты да қызықты өткен белдесулер қорытындысы бойынша Алакөл ауданының палуаны Олжас Қайратұлының бағы жанып, «Кәсіподақ барысы» атанды.  Белдесу сайысынан кейін көпшілік Ескелді аудандық Мәдениет үйі әншілерінің өнерін тамашалады.
Облыс көлемінде ұйымдастырылған жарыстың соңғы күнінде командалар «Аспазшылар», «Қабырға газеті», «Фотосуреттер», «Тұрмыс» тақырыптарындағы байқаулар бойынша бақтарын сынап, жеңімпаздарды анықтады. 
Үш күнге созылған табиғат аясындағы  тартысты жарыста бағы мен бабы келіскен, жүзден жүйрік шыққан Текелі қаласының «Жалынды жастар» командасы жеңімпаз атанды. Жеңістің екінші тұғырына  Талдықорған қаласының «Жетісу қырандары» ұжымы көтерілсе, үшінші орынды Кербұлақ ауданының «K.ЖасSTAR» командасы еншіледі. Байқаулар мен командалық есепте жүлделі орынды иеленген жеңімпаздар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дипломдарымен, ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Шора БАТЫРБАЕВ
Ескелді ауданы