Мың бұрала биледі

Уақыты: 07.06.2016
Оқылды: 1929

Талдықорған қаласының «Атамекен» мей­рам­ханасында “Тәуелсіздік балы” өтті. Об­лыс­тық Жастар саясаты мәселелері басқар­ма­­сы­ның ұйымдастыруымен осымен үшінші мәр­­те қы­лықты қыздар мен ұлықты ұлдар мың бұ­ра­ла биледі.

Егемендігіміздің 25 жыл­ды­ғына орай ұйым­дас­ты­рыл­ған бал­дың өзіндік ерек­шеліктері болды. Ша­раға арнайы ат басын бұрған об­лыс әкімінің орынбасары Бақ­тияр Өнербаев жастардың шы­ғар­машылығына табыс тілеп, келе­шекте де өнерлерімен там­сан­ды­рып жүре берулеріне жол ашық екен­дігін айтты. Жиналған қонақ­тар алдында 70 жұп өнерлерін ортаға салды. Қала жастарының қаймағы іспеттес белсенді ұл-қыз­дар үш түрлі би билеп, бар­ша­мыз­ды таң-тамаша қалдырды. Кеште эстрада жұлдызы Мақпал Иса­бекова құйқылжыта ән салып, жырдан шашу шашты.

Денис Московскийдің жетек­ші­лігімен қатысушылар айтулы балға 4 ай бойы дайындалған. Осылайша олар баршамызды өнер айдынында тербетіп, қызығушы­лы­ғымызды шыңдап, рухани дема­лып қайтуымызға себепші болды. Балға қатысқан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Думан Кеңшілік: «Тәуелсіздік балына қатысқаныма өте қуаныштымын.  Жаңа достар таптым. Адамдармен тіл табысуды үйрендік. 4 ай бойы билеп қана қойған жоқпын, облыс­тық Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен әртүрлі шараларға қатысып бақ сынастық», – деп алған әсерімен бөлісті.

Мәулен Әнербай