Соңғы уақытта елімізде біреудің сыртынан келеңсіз пікірлер айтып, өзгені жамандап, өзіне ұпай жинап жүрген жандар жиілеп барады. Тіпті, бұл келеңсіздікке күнделікті құбылыс ретінде қарап мән бермей келеміз. «Әр қазақ менің жалғызым» деп өскен халықтың бірін-бірі жамандағанын көріп налитының анық.
«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер». Жамандығын жасырып, жақсылығын асырып жүретін халықтың ұрпағымыз ғой. Бабалар тағылымына зер салсақ, біреудің сыртынан сөз айтпа, өсек, өтірік, ғайбат сөздерге сақ бол деп ескертеді, үстірт пікірден аулақ болу керектігін ұғындырады. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүрер. Болашақ ұрпақ алдыңғы буын ағаларына қарап бой түзейді емес пе? Сонда жұрттың кемшілігін жазып, өскелең ұрпаққа қандай үлгі, нендей тәлім-тәрбие беріп жүрміз?
Бағзы дәуірден бері өсек, ғайбатты теріс деп санаған халықтың ұрпағы едік қой. Ата-әжелеріміз келеңсіз әңгіменің ұшы шығып қалса болды: «Тәйт, біреудің сыртынан жаман сөз айтпа», – деп тыйып тастайтын. Осындай тәрбиені көрген бала да үстірт пікір айтуға аулақ болады, әрине. «Ұят», «Обал», «Жаман» болады деген үш-ақ ауыз сөзге тоқталған халықтың келер ұрпаққа берер тәрбиесін ойламай, бір-бірінің сыртынан жамандауы жат қылық. Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді.
Шариғатымызда: «Біреудің сыртынан өсек айту, бауырыңның етін жегенмен бірдей» дейді. Өзімізді өзіміз даттағанша, көнелер салған иманды жолды жалғауға тырысайық. Өйткені, тілдің күнәсі – ең ауыр күнәлардың бірі. Сондықтан еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын өсек, ғайбаттан арылып, одан іргемізді аулақ салғанымыз жөн.
Болат ТӨЛЕГЕН,
Бәйшегір ауылдық округі
ақсақалдар алқасының төрағасы
Қаратал ауданы





