Құқық пәнінің мұғалімі ретінде мен кез келген мемлекеттік реформаны оның нақты нәтижелері арқылы бағалау қажет деп есептеймін. Егер Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешілуіне ықпал етсе, онда оның маңызы арта түседі. Ұсыныстар тәжірибеде жүзеге асып, халықтың өмір сапасына оң әсерін тигізсе, бұл институт өз тиімділігін дәлелдей алады.
Менің ойымша, бұл бастаманың нақты нәтижелері туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Себебі кез келген жаңа институттың тиімділігі уақыт өте келе, оның қабылданған ұсыныстарының іс жүзінде қалай жүзеге асатыны арқылы бағаланады. Бүгінгі таңда біз оның қалыптасу кезеңін көріп отырмыз. Сондықтан тек оң немесе тек теріс баға беру объективті болмас еді.
Елімізде заң шығарушы және қоғамдық-саяси институттардың өзгеріске ұшырауы жақсы нәтижеге алып келеді деген сенімдемін. Тарихқа көз жүгіртсек, көптеген мемлекет өздерінің басқару жүйесін жетілдіру, заң шығару үдерісін жаңарту немесе қоғамдық пікірді ескерудің жаңа тетіктерін енгізу арқылы даму жолына түскен. Әрине, мұндай өзгерістер бірден нәтиже бермейді. Олардың тиімділігі уақыт өте келе, қабылданған шешімдердің сапасы мен қоғамның әл-ауқатына әсері арқылы көрінеді.
Сондықтан Құрылтайдың болашағын да тек оның құрылу фактісімен емес, алдағы жылдардағы нақты жұмыстары мен нәтижелері арқылы бағалаған дұрыс деп санаймын. Егер бұл алаң мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, азаматтардың ұсыныстарының естілуіне мүмкіндік берсе, оның ел дамуына қосар үлесі де арта түспек. Ең бастысы – кез келген реформа қоғам мүддесіне қызмет етіп, заң үстемдігі мен әділеттілікті нығайтуға бағытталуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі кезеңде Құрылтайға байыпты көзқараспен қарап, оның қызметін уақыт пен нақты нәтижелер арқылы бағалау ең дұрыс ұстаным болады деп есептеймін.
Ұлбосын Суйеубай
Ш. Беркімбаева атындағы Алматы қыздар
мектеп-лицей-интернатының тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі





