Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық ахуалды жақсарту бағытында заманауи цифрлық шешімдер мен ғарыштық мониторинг жүйелері белсенді түрде қолданыла бастады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі кезеңде инновациялық технологиялар шалғай әрі баруға қиын аумақтардағы заңсыз қоқыс төгетін орындарды тез арада анықтауға мүмкіндік береді. Осы орайда Жерді қашықтықтан зондтау деректері өңірлердегі экологиялық жағдайды жүйелі түрде бақылауға зор көмегін тигізуде. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы ел аумағын жіті зерттеп, әсіресе қар жамылғысы жоқ кезеңдерде сапалы түсірілімдер жасайды.
Алынған мәліметтер арнайы геопорталда көрсетіліп, тиісті мамандар мен өңірлік экология департаменттеріне жолданады. Жергілікті атқарушы органдар бұл ақпарат негізінде ластанған аумақтарды тазарту жұмыстарын ұйымдастырып, табиғатты қорғау шараларын қатаң бақылауда ұстайды.
Ағымдағы жылдың нәтижелері көрсеткендей, ғарыштық мониторингтің арқасында республика бойынша 2642 заңсыз қоқыс орыны тіркеліп, оның 2035-і немесе 77 пайызы толықтай жойылды. Қалған учаскелерді тазарту жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр. Мұндай озық тәсілдер үлкен аумақтарды қамтуға, экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алуға және тазалықты сақтауға қолайлы жағдай жасайды.
Жауапты мекемелер мен тұрғындардың бірлескен әрекеті табиғатты қорғау ісінде айтарлықтай нәтиже беруде. Экологиялық мәселелерге бей-жай қарамай, туған жердің тазалығын сақтау әрбір азаматтың басты міндеті екенін ұмытпайық.





