Биыл елімізде алғаш рет әуе қорғанысы күштерінің Майдандық авиация күні аталып өтуде. Айтулы күн екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің туған күні – 5 тамызға орай бекітілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «Ил-2» шабуылшы ұшағымен 305 рет көкке көтеріліп, ерлігімен ел жадында қалған қаһарманның өнегелі жолы бүгінгі әскери ұшқыштар үшін де биік өлшем.
Бүгінде сол ерлік дәстүрі Қазақстанның әскери авиациясында өз жалғасын тауып келеді. Әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарып жүргендердің қатарында Талдықорғандағы әскери әуе базасының жеке құрамы бар. Майдандық авиация күні аталған бөлімге барып, көк жүзінің тыныштығын күзеткен мамандардың қызметімен таныстық.
Әскери авиацияда әрбір секунд санаулы. Әуеге көтерілу, белгіленген бағытпен ұшу, әуе нысанын бақылау, маневр жасау, қону – мұның барлығы мінсіз үйлесімділікті талап етеді. Әсіресе көпмақсатты «Су-30СМ» жойғыш ұшағын басқару экипаж мүшелерінің кәсіби дайындығы мен өзара түсіністігіне тікелей байланысты.
Заманауи жауынгерлік ұшақтар Қазақ-станның әуе шебін күзетіп, жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейде сақтап келеді. Әуеде күрделі пилотаж орындау, түрлі тактикалық тапсырманы мінсіз атқару – ұзақ жылғы дайындықтың, темірдей тәртіптің және мол тәжірибенің жемісі.
Авиациялық базаның ұшқыштарының айтуынша, әскери авиациядағы басты қағидаттың бірі – кәсіби даярлық пен экипаж мүшелерінің өзара сенімі.
– Ұшқыштың ең басты қаруы – білімі мен даярлығы. Майдандық авиацияда барлық тапсырма командалық үйлесімге негізделеді. Экипаждағы әрбір әскери қызметші бір-бірінің әрекетін алдын ала сезініп, толық түсіне білуі қажет. Сонда ғана жауынгерлік тапсырма сәтті орындалады, – дейді ұшқыш.
Әуе кемесінің көкке көтерілер алдындағы қауіпсіздігі жерде басталады. Ұшақтың техникалық жай-күйін жіті бақылап, әрбір торап пен агрегатты мұқият тексеретін авиациялық инженерлердің еңбегі де аса жауапты. Олардың бірі – авиация инженері Жарылқасын Үсенбаев.
– Біздің міндет – авиациялық техниканың ұшуға толық әзір болуын қамтамасыз ету. Әрбір жүйені белгіленген регламент бойынша тексеріп, кез келген ақаудың алдын аламыз. Себебі әуеде ұсақ-түйек деген болмайды. Әр бөлшектің дұрыс жұмыс істеуі экипаждың қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Сондықтан өз ісімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз, – дейді инженер.
Расында әскери авиацияда қателікке жол жоқ. Ұшқыштың штурвалды қолына алған сәтінен бастап, инженерлік-техникалық құрамның күнделікті дайындығына дейінгі әрбір кезең нақты тәртіппен жүзеге асады. Ұшу алдындағы техникалық қызмет көрсету, авиациялық техниканың жарамдылығын бақылау, жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығулар – бәрі бір мақсатқа, яғни ел әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейде сақталуына бөлім басшылығы да ерекше көңіл бөледі. Әскери бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары Ермек Мұхановтың айтуынша, әскери ұшқыштар халықаралық және республикалық деңгейдегі оқу-жаттығуларға тұрақты қатысып, кәсіби шеберліктерін ұдайы шыңдап келеді.
– Мақсатымыз – заманауи талаптарға сай, кәсіби білікті, жауынгерлік міндетті мінсіз орындайтын ұшқыштар құрамын даярлау. Майдандық авиация күнімен барша әскери авиация ардагерлері мен жеке құрамды зор ілтипатпен құттықтаймын, – дейді Ермек Мұханов.
Көк аспанның тыныштығы – көзге көріне бермейтін, бірақ тәулік бойы тоқтаусыз атқарылатын қажырлы еңбектің жемісі. Бүгінгі әскери ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрам – елдің әуе қалқаны, мемлекеттік шекараның сенімді сақшылары. Батыр Талғат Бигелдиновтің ерлік мектебінен бастау алған майдандық авиацияның айбынды дәстүрі тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында өз жалғасын тауып, бейбіт аспанның беріктігіне қызмет етіп келеді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





