Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси жаңғыру жолына түсті. Мемлекет басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін нығайту және халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдау ісіне қатысуын кеңейту бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Осы өзгерістердің ең маңыздысының бірі – Құрылтай институтының құрылуы. Бұл – еліміздің саяси тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін маңызды оқиға.
Құрылтай – жай ғана заң шығаратын орган емес. Ол қоғам мен мемлекеттің арасындағы сенімді нығайтатын, халықтың пікірін мемлекеттік деңгейде жеткізетін маңызды институт. Оның басты мақсаты – азаматтардың мүддесін қорғап, елдің тұрақты дамуына бағытталған сапалы заңдар қабылдау.
Бұрынғы саяси жүйеде заң шығару жұмысы белгілі бір тәртіппен жүзеге асырылғанымен қоғамда заңдардың тиімділігі, халықпен байланыс және депутаттардың жауапкершілігі туралы түрлі пікірлер айтылып келді. Жаңа реформалар осы мәселелерді шешуге бағытталған. Құрылтайдың құрылуы халықтың талап-тілегіне құлақ асатын мемлекет қағидатын нығайтып, елдегі демократиялық үдерістердің дамуына жаңа серпін береді.
Құрылтай құрамына еліміздің әр өңірінен сайланған депутаттар енеді. Олар өз өңірлеріндегі әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді көтеріп, оларды заңнамалық тұрғыдан шешуге күш салады. Бұл ауыл мен қала арасындағы теңгерімді сақтауға, өңірлердің ерекшеліктерін ескеруге және халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған міндеттер аз емес. Экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту, цифрлық технологияларды енгізу сияқты мәселелер заңнамалық тұрғыдан нақты шешімдерді талап етеді. Осы бағыттардың барлығы Құрылтай депутаттарының күн тәртібінде болуы тиіс.
Бүгінде халықтың саяси белсенділігі артып келеді. Азаматтар елдегі өзгерістерге бейжай қарамай, өз таңдауын саналы түрде жасауға ұмтылуда. Бұл демократиялық қоғамның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Себебі сайланған депутаттардың кәсібилігі мен жауапкершілігі еліміздің болашақ даму бағытына тікелей ықпал етеді.
Құрылтай жұмысының тиімділігі тек депутаттарға ғана емес, қоғамның белсенділігіне де байланысты. Азаматтар қоғамдық талқылауларға қатысып, ұсыныстарын білдіріп, депутаттармен тұрақты байланыс орнатқанда ғана халықтың үні толық естіледі. Ашықтық, есептілік және әділдік қағидаттары жаңа саяси мәдениеттің негізіне айналуы қажет.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған мемлекеттердің табысты болуы заң шығару жүйесінің тиімділігімен және халықтың билікке сенімімен тығыз байланысты. Қазақстан да осы бағытта өзіне тән саяси үлгісін қалыптастырып келеді. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасау.
Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы – ел өміріндегі аса маңызды саяси науқан. Бұл сайлау арқылы азаматтар мемлекет дамуына өз үлесін қосып, ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын өкілдерін таңдайды. Сондықтан әрбір сайлаушы өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, ел болашағына бейжай қарамауы тиіс.
Айдос ИГЕНБАЙ,
«Қоғамдық келісім» МКК-нің директоры





