Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады» деп шаңырақтың берекесін елдің бақытымен байланыстырған. Бүгінгі таңда осындай өнегелі, көпке үлгі боларлық отбасылардың бірі – Құсай Жуанбай мен Нұрсара Тоқтаудың шаңырағы.
Отбасы деген киелі шамшырақтың сөнбеуіне екеулеп үлес қосқан жандар өмірінің соңына дейін бірін-бірі жетектеп жүруге 2005 жылы серттесіп, ҚХР-да шаңырақ көтереді. Ата-ананың ақ батасын алып, үлкен өмірге аяқ басады. Өмірге үш перзент келген соң атамекенін аңсап, 2013 жылы елге оралады. Өмірлерін еңбекпен өрген жұбайлар елге келген соң тынбай еңбек етеді. Ең алдымен балалардың тәрбиесінде еңбекқорлық, ізденіс, әділдікті басшылыққа алатын отбасының қос бәйтерегі үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білуді бойына сіңірген. Бұл – қазақы тәрбиенің негізгі өзегі.
Бірлігі мен берекесі жарасқан шаңырақта бүгінде жеті бала тәрбиеленіп өсіп келеді. Үлкені – 19 жаста, өмірден өз орнын табуға қадам басқан азамат болса, кенжесі бір жастан асып, отбасының қуанышын еселей түскен бүлдіршін. Әр баланың күлкісі – осы үйдің шаттығы, әр жетістігі – ата-ананың маңдай терінің жемісі.
Шаттыққа толы шаңырақтың иесі, асқар тауы Құсай мен әулеттің берекесі мен бірлігін ұйыған айрандай сақтаған аяулы ана Нұрсара балаларына үнемі адал еңбек етуді айтудан жалыққан емес. Тіршіліктің әр саласында еңбек етіп көз қуаныштары үшін түн ұйқыларын төрт бөлген ата-ананың еңбегі бұл күнде ақталды. Балалары білім алып, ел дамуына өзінің титтей де болса үлесін қосуда.
Құсай мен Нұрсара үшін ата-ана болу – үлкен жауапкершілік. Күні кеше ғана отанасы көпбалалы аналарға көрсетілетін ең жоғары марапаттардың бірі – «Алтын алқа» иегері атанды. Бұл – тек ананың ғана емес, бүкіл отбасының еңбегі мен бірлігінің жемісі.
Баланың былдыры мен ойыншықтың сылдыры кетпеген шаңырақтың басты байлығы – мал-дүние емес, өзара сыйластық, татулық пен түсіністік. Өмірдегі талай қиыншылықты бірге жүріп көрсе де тіккен отауларын құлатпай, керісінше, шаңырақ түтінінің түзу шығуына біркісідей атсалысқан ерлі-зайыпты бүгінде көпке сыйлы әрі үлгі.
Шаттығы еселенген шаңырақтың бақыты бала санымен ғана емес, жүректегі мейіріммен, өзара құрметпен және жауапкершілікпен өлшенетінін дәлелдеді. Ұрпағының бойына ұлттық тәрбие мен адами құндылықтарды сіңірген осындай отбасы ел ертеңінің берік тірегі.
Құшағын көпке жая білген, жылылық пен қамқорлығын жақындарынан аямаған жомарт жандар: «Ешбір бала ата-анасының жанын жаралайтындай іс-әрекет жасамаса, жүрегіне салмақ түсіретіндей ауыр сөз айтпаса екен», – дейді. Олай болса біз де абыз басылым атынан бірлігі мен берекесі жарасқан отбасы мүшелерінің деніне саулық, жандарына амандық тілейміз.
Еңлік Кенебай
Талдықорған қаласы





