Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде ең көп реформаланған салалардың бірі – білім беру жүйесі. Соңғы жиырма жылда оқу бағдарламалары жаңартылды, мемлекеттік стандарттар бірнеше рет өзгерді, Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді, критериалды бағалау жүйесі қабылданды. Әрбір жаңашылдықтың мақсаты біреу – білім сапасын арттыру. Алайда қоғамда әлі күнге дейін жауапсыз қалған бір сұрақ бар: реформалардың көптігі сапаның артқанын білдіре ме?
Биыл білім саласында тағы бір маңызды шешім қабылданды. 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Бұл жаңалықты көпшілік жай ғана бағалау жүйесінің өзгеруі ретінде қабылдады. Бірақ оның астарында білім саясатына қатысты әлдеқайда маңызды мәселе жатыр.
Еске түсірсек, БЖБ мен ТЖБ енгізілген кезде бұл жүйе білім сапасын арттырудың тиімді тетігі ретінде ұсынылған еді. Бұрынғы бес балдық бағалау оқушының нақты жетістігін көрсете алмайды, бағалау субъективті болады деген пікір айтылды. Ал критериалды бағалау әр оқу мақсатының қаншалықты меңгерілгенін анықтайтын әділ әрі ашық жүйе ретінде таныстырылды. Мұғалімдер қайта даярланды, оқулықтар жаңартылды, ата-аналарға жаңа бағалау тәртібі түсіндірілді. Яғни мемлекет бұл реформаға қомақты уақыт пен ресурс жұмсады. Алайда араға бірнеше жыл салып бастауыш сыныптарда сол жүйеден бас тарту туралы шешім қабылданды. Бұл қоғамда заңды сұрақ туғызады: егер БЖБ мен ТЖБ соншалықты тиімді болса, неге одан бас тартылды? Ал егер бүгінгі шешім дұрыс болса, онда бұрынғы реформаның нәтижесі қандай болды?
Министрлік жаңа өзгерісті ғылыми зерттеулермен негіздейді. Мамандардың пікірінше, бастауыш сынып оқушылары үшін жиынтық бағалау әрдайым баланың нақты білімін көрсете бермейді. Керісінше, бағалауға шамадан тыс көңіл бөлінуі оқушының психологиялық жай-күйіне әсер етіп, оқуға деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Сондықтан бастауыштағы бағалау баланың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырылуы қажет деген тұжырым жасалған.
БЖБ мен ТЖБ-ның орнына енгізілетін диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстардың өзіндік артықшылықтары бар. Диктант оқушының сауатты жазуын, емле мен тыныс белгілерін меңгеру деңгейін көрсетеді. Мазмұндама баланың мәтінді түсінуін, есте сақтау қабілетін және өз ойын жүйелі жеткізуін бағалауға мүмкіндік береді. Бақылау жұмыстары пәндік білімнің беріктігін анықтаса, практикалық тапсырмалар алған білімді өмірде қолдана алу дағдысын қалыптастырады. Ал шығармашылық жұмыстар баланың қиялын, сыни ойлауын, тіл байлығын және жеке көзқарасын дамытуға ықпал етеді.
Педагогика ғылымында бастауыш білімнің басты мақсаты – баланы жоғары баға жинауға емес, білім алуға қызықтыру екені жиі айтылады. Бұл тұрғыдан алғанда жаңа бағалау түрлері оқушының тек есте сақтау қабілетін ғана емес, оның оқу сауаттылығын, ойлау мәдениетін, шығармашылық әлеуетін және функционалдық дағдыларын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Дегенмен бір маңызды мәселені естен шығармаған жөн. Бағалау құралы өзгергенімен білім сапасы автоматты түрде өзгермейді. Себебі білімнің нәтижесі тек бағалау тәсіліне тәуелді емес. Оған мұғалімнің кәсіби шеберлігі, оқулықтың сапасы, оқу бағдарламасының тұрақтылығы,ата-ананың қолдауы және оқушының ішкі ынтасы тікелей әсер етеді.
Соңғы жылдары қоғамда білім реформаларының тым жиі өзгеретіні туралы пікірлер жиі айтылады. Бір жүйеге мұғалімдер толық бейімделіп үлгермей жатып, келесі өзгеріс енгізіледі. Мұндай жағдайда жаңа талаптарға тек ұстаздар ғана емес, ата-аналар мен оқушылар да қайта-қайта бейімделуге мәжбүр болады. Соның салдарынан реформаның өзіне деген сенім әлсірейді.
Әрине, өзгеріссіз даму жоқ. Бірақ реформаның құндылығы оның жаңалығымен емес, өміршеңдігімен өлшенеді. Егер әр бес-алты жыл сайын бағалау жүйесін түбегейлі өзгерте берсек, онда мәселе бағалау тәсілінде емес, білім саясатының сабақтастығында болуы мүмкін. Ал бастауыш мектеп – баланың іргетасы қаланатын кезең. Бұл уақытта оған ең алдымен білім алудың қуанышын сезіндіру маңызды. Сондықтан бүгінгі өзгерістің тиімділігі БЖБ мен ТЖБ-ның алынып тасталуымен емес, мектепке қызығып келетін, кітап оқуға құштар, ойын еркін жеткізе алатын, алған білімін өмірде қолдана білетін оқушының қалыптасуымен бағалануы тиіс.
Бүгін БЖБ мен ТЖБ тарих қойнауына кетіп барады. Ертең оның орнын басқан жүйе шынымен білім сапасын көтере ала ма? Әлде бірнеше жылдан кейін бұл тәсіл де кезекті реформаның құрбанына айнала ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт береді. Бірақ бір нәрсе анық: білім саласы – ұлттың интеллектуалдық капиталы қалыптасатын стратегиялық кеңістік. Сондықтан әрбір реформа уақыт талабына ғана емес, ғылыми дәлелге, қоғам сұранысына және ұзақмерзімді нәтижеге негізделуі тиіс. Сонда ғана бағалау өзгеріп қана қоймай, білімнің сапасы да шын мәнінде өзгереді. Бұл туралы Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ





