Жапонияның тарихи Киото қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден марафон бойынша VI Азия чемпионаты басталды. Континенттік доданың алғашқы жарыс күні отандық спортшылар үшін өте сәтті басталып, Қазақстан қоржыны екі алтын медальмен толықты.
Ерлер арасында байдаркамен 3400 метр қашықтықта отандық ескекші Кирилл Тубаев қарсыластарынан қара үзіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол бұл қашықтықты 14:54.166 секундта жүріп өтіп, Азия чемпионы атанды. Бұл бәсекеде 2-орынды Оңтүстік Корея спортшысы Пак Чжу Хён еншілесе, үздік үштікті вьетнамдық Чан Ван Зань түйіндеді.
Қазақстан қоржынына екінші алтынды каноэ бәсекесінде шеберлік танытқан Полат Төребеков сыйлады. Ол 17:13.493 секунд нәтижесімен қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілді. Бұл сында жапондық спортшылар Кокадзи Такаюки мен Такэнака Иссэй өзара екінші және үшінші орынды бөлісті.
Биылғы Азия чемпионатына сары құрлықтың 10 мемлекетінен 200-ге жуық таңдаулы спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын абыроймен қорғап жатқан Кирилл мен Полат енді 10 000 метрлік ұзақ қашықтықтағы марафон жарысында бақ сынайды.
Серік ҚАНТАЙ





